Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол қауіпсідігі мәселесі қаралды

Жол қауіпсідігі мәселесі қаралды

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысында аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар барысы қаралды.
Алдымен аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Шегебаев бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. «Үстіміздегі жылдың 11 ай қорытындысымен аудан көлеміндегі орын алған жол көлік оқиғалары 2022 жылдың 11 айымен салыстырғанда азайған. Өткен жылдың тиісті кезеңінде жол-көлік оқиғаларының саны 34-і құрап, 22 адам қайтыс болған. Ал биыл 25 жол апаты болған. Тиісінше жарақат алғандар саны 47-ден 32-ге төмендеген.
Жол-көлік оқиғалары негізінен «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан елді мекендер тұсында автокөліктердің үй жануарларына соғуы салдарынан орын алған. Республикалық маңызы бар тас жолда 10 оқиға орын алып, 8 адам қайтыс болса, 23 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Бөлім қызметкерлерімен 11 айда жол ережелерін бұзған 3365 дерегі анықталып, 29 053 228 теңге айыппұл салынған» - деді Н. Шегебаев.
Мұнан соң аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шерхан Есжанов жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тізбектеді.
«Жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган тарапынан берілген барлығы 155 нұсқамаға сәйкес тиісті жұмыстар жасалды. Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен 14000 шаршы метрді құрайтын қала көшелері мен аудандық маңызы бар автожолдар ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мезгілде күтіп ұстауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер анықталды. Жеңімпаз мекеме келісім шартқа сәйкес, 5 қажетті техника, 450 тн инертті материалдар дайындады. Қыс мезгілінде қар қалың түсетін аймақтарға аса назар аударып, шұғыл әрекет ету керектігі жөнінде, мердігер мекемеге тиісті тапсырма берілді. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын алған кезде арнайы техникалармен жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жеке кәсіпкерлермен әріптестік келісім шарттар жасалынды» - деді Ш.Есжанов.
Ал, Арал қаласының әкімі Батыржан Ұзақов қала жолдарындағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында арнайы жұмыстардың белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандығын, тиісінше мердігер мекемелердің қажетті техникалармен жабдықталғандығын айтты.
Баяндамашылардан соң сөз алған аудан әкімі жол-көлік оқиғалары және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтауда бейнебақылау камераларын жаңартып, іске қосу қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары арасында малды бақылаусыз жол бойына жібермеу, үй жануарларын бақташыға бақтыруды насихаттау және жануарларға сәуле шағылыстырғыш ленталар тағу жөнінде түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізу керектігін тілге тиек етті.
Жиын соңында аудан әкімі полиция бөліміне жол-көлік оқиғаларының орын алу себептеріне терең талдау жүргізіп, ол бойынша кешенді іс-шаралар бекітуді, жол көлік оқиғалары жиі орын алатын ең қауіпті аймақтарды зерделеп, сол аймақтарды барынша патрульдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Арал аудандық кірістер басқармасы мен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне, қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен аудан бойынша жол-көлік оқиғаларын алдын алу үшін спирттік ішімдіктерді белгіленген уақыттан тыс сатып отырған кәсіпкерлік нысандарға рейдтік шаралар ұйымдастырып, сату фактілері орын алған жағдайда заң аясында қатаң шаралар қабылдауды жүктеді.
Аудандық маңызы бар жолдарда жол көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында барлық бағыттағы тиісті жол белгілерін талапқа сай орнатуды және қыс мезгілінде қар тазалау, сонымен қатар, мұздақ күндерде құм себу жұмыстары күшейтуді, қауіпті аймақтарға жасанды жол кедергілерін орнату қажеттігін айтты.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


фото: Арал ауданы әкімдігі 
20 желтоқсан 2023 ж. 204 0