Құрылысшылар мерейін өсірген күн

Шарада аудан әкімі Аманжал Оңғарбаев құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ауданда сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталды.
– Құрметті құрылыс саласының қызметкерлері, Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен құттықтаймын! Даму мен ілгерілеуде маңызды рөл атқаратын бұл мереке өткен ғасырдың орта шенінен бастап атап өтіліп келеді. Еліміздегі құрылыс саласы – Отандық экономиканың басты қозғалтқыш күшіне айналып отыр. Бүгінде Сіздердің мамандықтарыңыз ең керекті, ең ықпалды әрі үлкен сұранысқа ие мамандық қатарында. Қазіргі таңда өздеріңіз еңбек етіп отырған салада көптеген жұмыс орындарының ашылуы, жаңа құрылыс нысандарының қолға алынуы «құрылысшыларға» мемлекеттің артып отырған үлкен сенімі деуге болады. Арыға бармай-ақ осы Аралдың өзінде ғұмыры ғасырға иек артқан тарихи құрылыс нысандары бар. Өткен ғасырдың орта шенінен келе жатқан тұрғын үй ғимараттарының қабырғасында көптеген құрылысшы аға буынның қолтаңбасы тұр. Ал Тәуелсіздік жылдары бой көтерген әрбір ғимараттың тамырында Сіздердің қолтаңбаларыңыз бар. Қазіргі таңда сол тарихи нысандарды қайта жөндеп, көненің көзіндей қылып күтіп ұстау жұмыстарында тағы да құрылысшылардың қол күші қажет, – деді аудан басшысы.
Мазмұнды шарада аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы бірқатар сала мамандарын облыс және аудан әкімінің Алғысымен марапаттады. Өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін жергілікті құрылысшылардың мерейін асырған мерекелік шара аудан өнерпаздарының мерекелік бағдарламасымен жалғасты.




Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі