Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

Бүгін Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Ботай қонысымен Астана арасын жалғайтын жорық 500 шақырымды құрайды. Оған шет мемлекеттерден 8 команда қатысып жатыр. Отандық командалардың саны - 9, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық спорт қауымдастығына сілтеме жасап.

«Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Халықаралық «Ұлы дала жорығының» ашылу салатанатында сөз алып, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Amanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.

«Ұлы дала төсінде өтетін көшпенділердің ұлан-асыр мерекесінің басы – осы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінен басталады», делінген хатта.

Бұл жорыққа Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан, Мажарстан елінен келген командалар қатысып жатыр.

Ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Жетісу облысы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облысының командалары қорғайды.

Тұңғыш рет өтіп жатқан жорыққа елімізден қос бірдей қыздар командасы қатысып жатыр. Бірі Маңғыстаудан келген «Суын» командасы болса, екіншісі Ақмола облысының «Томирис» командасы. Ақмоланың арулары бұған дейін республикалық марафон-бәйгеге қатысқан, тәжірибе жинаған.
Халықаралық «Ұлы дала жорығын» ұйымдастырушылар бұл жолы қазақы тұқымдарға ерекше мән берді. Сол себептен Адай, Найман, Көшім, Әулие ата, Қостанай, Жетісу арғымағы тұқымдары осы жарысқа қатысып жатыр.

Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, бұл жорық өркениеттің тал бесігі Ботайдан басталғанына ерекше тоқталды.

«Себебі Ботай ең алғаш жылқы қолға үйретілген жер. Сол себепті тарихи мекеннің маңызы осындағы барша қатысушыға құнды деп есептеймін», деді ол.

Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бастауы болды.
Еске сала кетейік, Республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату» және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

Атап өтейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Сурет: egemen.kz
03 қыркүйек 2024 ж. 189 0