Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшпенділер ойыны көңілге қуаныш сыйлады

Көшпенділер ойыны көңілге қуаныш сыйлады

Биылғы жаз спорт саласындағы айтулы жаңалықтарға толы болды. Соның ішінде елді еріксіз елең еткізген ерекше дода V дүниежүзілік көшпенділер ойыны десек артық болмас. Қазақстанның бас шаһарында 8 қыркүйек күні бастау алған бәсеке кеше ғана жабылу салтанатын өткізді.
Ашылу салтанатында сөз алған Мемлекет басшысы: "Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастарды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Иасауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындауына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды", – деп көшпенділер қоғамнының ежелден ерекше орны барын мәлімдеді.
Көшпенділер ойнына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысып, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді. Ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс және ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтті. Бір күнде 30 мың келушіні қабылдайтын этноауылда Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл шараға Сыр өнерпаздары да атсалысып, ауқымды шараның ойдағыдай өтуіне үлес қосты.
Ал жарыс қорытындысы барша қазақстандықтарды қуанышқа кенелтті. 41 алтын, 33 күміс пен 35 қола еншілеген спортшыларымыз барлығы 109 медаль иеленіп, қатысушы елдердің арасында жеке дара көш бастады. Осылайша қорытынды кестеде теңдессіз жеңімпаз атанды.
V дүниежүзілік көшпенділер ойынының жабылу салтанаты да көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Қарақат Әбілдина, Қайрат Баекенов, Гүлсім Мырзабек, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары: Марат Айтымбай, Мади Сыздықов сынды өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындаса, сондай-ақ "Наз" мемлекеттік би театры және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы, "Қамбарқан" фольклорлы-этнографиялық ансамблі (Қырғыз Республикасы) және "Меломен" тобы қатысты.
"Толқын" ақпарат
13 қыркүйек 2024 ж. 150 0