Қазақстандықтардың 60,4 пайызы АЭС салу идеясымен келіседі

"СОЦИС-А" Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана" жеке қоры АЭС құрылысы бойынша жүргізген сауалнаманың қорытындысын жария етті. Оған 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан мың адам жауап берді. Бұл сауалнамада респонденттер "Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?", "Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?", "Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?" деген сұрақтарға жауап берді.
Сауалнама қорытындысы келесіні көрсетті:
"Міндетті түрде барамын" (35,6%) және "Мүмкіндігінше баруға тырысамын" (20,2%) нұсқаларын таңдаған респонденттердің үлесі жалпы іріктеменің 55,8%-ын құрады. Осылайша, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың оннан бір бөлігінен астамы "референдумға қатыспаймын" деген (12,2%). Алдын ала болжанғандай референдумға қатысу/қатыспау туралы "әлі бір шешімге келмеген" респонденттердің үлесі жоғары болды (16,6%).
Сауалнамаға қатысқандардың 13,6%-ы "бұл жаңалықты бірінші рет естіп отыр" (атом электр станциясын салуы мүмкін деген жаңалықты бірінші рет естіп отыр). Респонденттердің аз бөлігі (1,8%) бұл сұраққа "жауап беруге қиналамын" деп көрсеткен.
"Толқын" ақпарат
Сурет: aqshamnews.kz