Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ғалам мен қалам»

«Ғалам мен қалам»

Сәні мен сәулеті келіскен Сырдың бас шаһарына биыл 206 жыл толып отыр. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да қала күнін атап өтуге арналған мәдени-танымдық іс-шаралар бір ай бойы жалғасады. Осының аясында республикаға танымал жас ақындар арасында «Ғалам мен қалам» атты поэтикалық дуэль ұйымдастырылды.

Мерекелік кештің ашылуында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз сөйлеп, шақырылған қонақтар мен шаһар тұрғындарын «Қала күні» мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ мереке аясында Рахат Наурызбаева, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қатира Жәленова, Қазына Өзденбаева, Тілеген Бекарыстанов, Оңталап Базаралиев, Гаухар Қожахметова, Айнагүл Әбуова, Нұрлан Көбегенұлы, Аружан Оралбай сияқты бір топ қаламгерлерге қала әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отырған поэтикалық дуэльде ақындар Сыр өңірінің бас шаһарын жырға қосып, сонымен бірге, қазіргі заман поэзиясын насихаттай отырып, өскелең ұрпаққа ой салып, патриоттық сезімдерін оятуға бағытталған тың туындыларымен тыңдаушыларын тәнті етті.

Айталық, Халықаралық «Алтын қалам» әдеби байқауының  жеңімпазы, «Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы Д.Тілеухан, республикалық «Күміс қалам – 2022» поэтикалық дуэлінің жеңімпазы А.Мұратәлиева, Қызылорда қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, республикалық байқаулардың жүлдегері Ұ.Бекұзақұлы, Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, «Баспалдақ» жыр жинағының авторы А.Сайлауов, республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің сайт тілшісі А.Оралбай, «Сыр дарыны» сыйлығының иегері Д.Бөкебай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Б.Санақұл, «Мөлдір өлең», «Сыйлық», «Жауап» жыр жинақтарының авторы М.Айтбай, Қызылорда қалалық Мәдениет үйінің әдіскері Ғ.Кәдірбай сияқты ақындар бақ сынасты.

Поэтикалық дуэльдің шарты бойынша ақындар І кезеңде Сыр еліне, Қызылорда қаласына арнаған өлеңдерін оқыды. Алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша 2 ақын байқауды аяқтады. Қазылардың сараптауымен ІІ кезеңге өткен 8 ақын жеребе бойынша жұпталып сайысқа түсті. Әр жұп бір-бірімен жауаптаса, еркін тақырыптағы екі өлеңін оқыса, ІІІ кезеңде төрт ақын өзара дуэльге түсіп, екі өлеңнен оқыды. Ал финалда жалғыз жұп бақ сынасып, жеңімпаз анықталды.

Шындығында, ақындар арасындағы жыр додасы аса тартысты өтті. Сыр аспанынан жыр жауған күн болды. Қалам иелері шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемін танытқандай. Тосын идея, терең иірімге құрылған жыр шумақтары жанды баурап, жүректі қозғады. Қорытындысында, «Ғалам мен қалам» атты поэтикалық дуэльдің бас жүлдесін ақын Аружан Оралбай жеңіп алды.

Жыр додасына Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова (қазылар алқасының төрайымы), ақындар Елубай Әуезов, Ғазиза Әбілда қазылық етті.

Осы орайда поэтикалық дуэльді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақжол Түменбай жүргізіп, өлең додасының өзара тартысты өтуіне ерекше үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ Айгерім Өмірбек, Айбек Шүкіров, Елжан Берістенбаев, Тоғжан Өтенова сияқты қалалық Мәдениет үйінің әншілері кешкі қаланы әсем әндерімен тербеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дереккөз

 
22 қыркүйек 2024 ж. 142 0