Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектепте орамал тағуға тыйым жойылған жоқ

Мектепте орамал тағуға тыйым жойылған жоқ

Жоғарғы сот бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде «Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таратылғанын» мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жоғарғы сот не дейді
– Істі қарау шеңберінде Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға кірген жоқ. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі, – деп ақпарат таратты Жоғарғы сот.
Құзырлы орган сонымен қатар, бейінді министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту бойынша өкілеттіктер барын еске салды. «Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылған жоқ және күші жойылған жоқ» делінген хабарламада.
Жоғарғы сот ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екенін атап өтеді.
– Бұл ретте ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өзіне алған және заңда белгіленген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген жауаптылыққа әкеп соғады, – делінген хабарламада.
Шешімнің күші жойылды
Еске сала кетейік, орамал таққан оқушы қыздар сабаққа жіберілгені жайлы бұған дейін ақпарат тараған еді. Құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мектептерде орамал тағуға тыйым салу туралы облыстық соттың шешімін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзады деп танығанын айтты.
Осыған ұқсас шешімдерді бұған дейін Қазақстанның төрт облысындағы басқа соттар да мойындаған.
Орамал дауы
2022 жылы мектеп оқушыларының 1600-ден астам ата-анасы Тоқаевқа жүгінген. Олар оқу орындарында намазхана ашуды және мектептерде орамал тағуға тыйым салуды алып тастауды немесе шарихат талаптары бойынша жүретін мектеп оқушыларының онлайн оқуына рұқсат беруді сұраған.
2023 жылы Қазақстанда қыздарға мектептерде хиджаб пен орамал тағуға тыйым салу туралы пікірталастар жалғасты. Кейбіреулер форманың біркелкі болуы керек екеніне сенімді болса, басқалары басындағы орамалдан ештеңе өзгермейтінін айтқан.
Хиджаб VS Соңғы қоңырау
Маусым айында әлеуметтік желіде қазақстандық оқушы қыз хиджаб кигені үшін соңғы қоңырауға қатысуға рұқсат бермегенін айтқан видео тараған болатын.
Президент Тоқаев оқу орындарындағы орамал мен хиджаб туралы айта келіп, балалар мектепке білім алу үшін келетінін жеткізген.
Бұл ретте қазақстандық құқық қорғаушы 13 мыңнан астам қыз бала мектептерде хиджаб кигісі келетінін айтты.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда хиджаб киюге тыйым салатын заң төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірген. Оның пікірінше, елдегі көптеген адамдар бұл резонансты тақырыпқа қатысты пікір айта бастады.
Өз кезегінде Білім министрі Ғани Бейсембаев 2024 жылы дінді білімнен ажырату керектігін тағы да баса айтқан.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: kaz.zakon.kz
26 қыркүйек 2024 ж. 105 0