Жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталды

– Департамент қызметкерлері жыл сайын жылу беру маусымы басталар алдында адам өмірі мен денсаулығын сақтау және қоршаған ортаны өрттен қорғау бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді. Биыл да 4 302 тұрғын үй секторын аралау арқылы 15 389 тұрғынға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Осы бойынша көпқабатты тұрғын үй аулаларында да 1 861 тұрғынға электр және газ баллон жабдықтарын, газ пештерін ортану, қолдану барысындағы өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Айта кету керек, өткен жылмен салыстырғанда биыл жарақат алғандар саны екі есеге азайған, – деді Асхат Плалұлы.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық газ баллондарын автогаз бекеттерінде толтыру – адам өміріне қауіпті. Мұндай жағдайлар тұтынушылардың газ иісінен улануымен ғана шектелмей, жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін.
– Стационарлық автомобильді газ құю станциясында автокөлікке пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға жол берілмейді. Облыс бойынша бүгінде 30-дан аса автогаз құю бекеттері жұмыс істейді. Аталған бұзушылықтардың алғышарттары тауарлық газды газ тарату жүйесі бойынша тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, сондай-ақ тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын ұйымдардың жосықсыз жұмыстарынан туындайды,- деді ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ақылбай Әкімниязов.