Полиция департаментімен соттасқан сержант үйлі болды

«Шұғыл шақырту түсіп, дереу қару-жарақ дүкеніне жеттік. Біз келгенде қаруланған бір топ жігіт шығып келе жатыр екен. Жарақат алғаннаннан бері арада 3 жыл өтті. Денсаулығым әлі дұрыс емес. Емделумен жүрмін. Мүгедектік алғаныммен, жас отбасымыз. Қара басымда баспана болмады, әке-шешеммен бірге тұрдым. Келіншегім екіншімізге аяғы ауыр. Ешкімге керегім болмай қалған соң, өкпем болды. Өзім қызмет еткен полиция департаментінде әрі қарай еңбек етіп, мансабым көтерілер деп ойлағанмын. Бірақ, олай болмады. Мүгедектігімді алға тартып, жұмыстан шығарып жіберді. Кейін сот арқылы мәселем шешілді»,- дейді Әлібек Жетіғарин.
Әлібек Жетіғаринді бүгін облыстық полция департаментінің басшысы Махамбет ӘБИСАТОВ жеке қабылдады.
«Әлібек Жетіғариннің жұмыстан босатылғаны туралы маған дер кезінде ешкім хабарлаған жоқ. Мен ол кезде еңбек демалысында болатынмын. Кейін арнайы тексерістен соң, осыған жауапты екі адам жұмыстан босатылды.Әлібектің бұл салаға сіңірген еңбегі зор. Полиция сапында қызмет еткен жылдары 6 мәрте марапатталған. Ал теракт кезінде көрсеткен қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бәрің үлгі алыңдар осы жігіттен! Бүгін міне екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткелі тұрмын. Бұл үйде қалағаныңша тұратын боласың»,- деді облыстық полиция департаментінің басшысы М.Әбисатов.
Сонымен, қатар Әлібекке жұмыстастары 1 күндік жалақыларын аударыпты. Кілтпен бірге 7 млн 356 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Одан бөлек, Махамбет Әбисатов экс-қызметкеріне ай сайын бұрын алып келген жалақысының 50 % төленіп отыратынын, әрі денсаулығын оңалту үшін медициналық мекемелермен келісім бар екенін жеткізді.
«Қуанышымда шек жоқ. Екі бөлмелі қызметтік пәтерге көшкенше асығып жүрміз. Сүйінші хабарды естіп, ата-анам да, келіншегім де, екі жасар қызым да қуанып қалды. Кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, қоныс тойын тойлаймыз. Ал жұмысқа келетін болсақ, бірінші денсаулығымды толық емдеп алғым келеді. Оң жақ қолым солып барады. Денемде әлі 7 оқтың жарықшақтары қалды. Оны қазір алуға болмайды, уақыт өте келе өзі шығады деп отыр дәрігерлер», — дейді Әлібек Жетіғарин.