Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келер аптадан бастап тоқабайлық балалар жаңа мектепте оқитын болады

Келер аптадан бастап тоқабайлық балалар жаңа мектепте оқитын болады

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ресми сапармен Тоқабай ауылына барып, ауылдық округ бойынша атқарылып жатқан біршама жұмыстарды көрді. Ең алдымен ауылға 7 шақырымдай жерде құрылыс жұмыстары үзілген ауыз су желісінің бойында құрылыс барысына жауаптылармен жүздесті.
– Салғырттықтың салдарынан қыруар қаржы бағыттала тұра аяқсыз қалған жұмыс бүгінде көзге шыққан сүйелдей болып тұр. «Бастады да тастады» деген кім-кімге де жақсы ат емес. Сендер арқалаған жауапкершіліктің артында су орнына у ішкендей болып халық отыр. Бұл жұмыс сендерге баланың ойыны емес. Қолдан келмесе жауапкершілікті мойынға алмау керек еді. Ал алған екенсің жұмысты бітіру керек. Енді кейінге шегінер жол жоқ. Мәселе аймақ басшысының тікелей назарында тұр. Қалай болған күнде бұл жұмыс тез арада аяқталып, әрбір тоқабайлық арнайы шүмектен су тұтынуы керек, – деп талап қойған аудан басшысы, жұмысты қазірден бастау керектігін мердігер мекеме өкіліне қадап айтты.
Бұл жұмыстарды жауапкершілігіне алған «Сапа құрылыс - 2007» ЖШС мердігер мекемесінің учаске бастығы К.Қайырлапов жұмыстар бүгін-ертең басталатынын, ауылішілік желілерді жүргізу үшін 12 шақырым құбырлар жеткізілгенін айтты. Техника келсе жұмыс басталатын болады.
Аудан әкімі мұнан соң Тоқабай ауылындағы жаңадан салынып жатқан №248 орта мектепке барып, құрылыс алаңына айналған алқапты аралап көрді. Апта соңына дейін білім нысанының аумағындағы құрылыс қалдықтарын толықтай тазалауды тапсырды.
Ауыл ішінде жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мекеме уақытпен санаспай, мойнына алған жауапкершілікті уақытылы атқару үстінде. Аудан басшысы ғимаратты толық аралап көріп, елдің қуанышын еселей түсетін нысанды сапалы әрі талапқа сай етіп аяқтауды тапсырды.
Аудан әкімі елге жасаған сапарында ауылдық клуб үйінде тұрғындармен жүздесіп, ауданда атқарылып жатқан біршама жұмыстарды атап өтті. Жылдар бойы жырға айналып, елдің төзімін түгескен мектептің негізгі оқу корпусы келер аптадан бастап пайдалануға берілетіні айтылды. Ал қалған бөліктерін жыл соңына дейін аяқтауға жұмыс жасалатын болады. Ауыз судың да мәселесі қайта жанданып, үміт қайта оянды.
Елге жасалып жатқан мұндай мүмкіндіктерге ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірген ауыл ақсақалы Ү.Қуатов қолға алынған нәтижелі істің барлығы мызғымас бірліктің, тату тірліктің арқасы екенін атап өтті.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесу барысында референдум кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеп, оның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтарды марапаттады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
10 қазан 2024 ж. 135 0