Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Тоқабайдағы құрылыс жұмыстарын бағамдады

Аудан әкімі Тоқабайдағы құрылыс жұмыстарын бағамдады

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Тоқабай елді мекеніне барып, құрылысы жүріп жатқан бірнеше әлеуметтік нысандарда болды.
Алдымен демеушілік есебінен салынып жатқан мектеп ғимаратына аялдады. Жылдар бойы жыры таусылмай, сақалды құрылысқа айналған бұл мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарын бүгінде «Промстройсервис» ЖШС мердігер мекемесі өз жауапкершілігіне алған.
Білім ордасының А блогы бойынша ішкі жұмыстары 90 пайызға аяқталып, әрлеу және сырлау жұмыстары жүруде. «Қажетті материалдарға қатысты мәселе уақытылы шешілсе ғимараттың алғашқы блогын қысқа мерзім ішінде бітіреміз» дейді «Промстройсервис» ЖШС-нің басшысы М.Еспенбетов.
Мектептің есік-терезелері толықтай салынып, ішкі жылу жүйелері жүргізілген. Электр желісі бойынша да жұмыстар жақын күндері бітуге таяу. Сыртқы қаптау жұмыстары алдағы уақытта қолға алынбақ.
Аудан басшысы ғимараттың құрылыс сапасына айрықша көңіл бөліп, істеліп жатқан жұмыстардың барысына қанықты. Демеушілік есебінен салынып жатқандықтан ғимараттың құрылыс жұмыстарын мейлінше тоқтатпай, жаңа оқу жылына дейін алғашқы бөлігін балалар игілігіне беруге жұмыс жасау керектігін алға тартты. Мердігер мекеме басшысымен тілдесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне басымдық беру керектігін нақтылады.
Мұнан соң жаңадан бой көтеріп жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын көрді. Ғимараттың қабырғалары қаланып, ішкі еденін тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірер күнде төбесін жабу жұмыстарын қолға алмақ. Дәрігерлік амбулаторияның құрылысы осы жылдың маусым айында басталған.
Аудан басшысы құрылыс алаңында «Бақ-Береке 2030» ЖШС-нің өкілі Н.Назаровпен жолығып, қолға алынып жатқан жұмыстың барысына қанықты.
– Біз мемлекеттің қаржысына салынып жатқан әрбір нысанның сапалы болғанын қалаймыз және соны талап етеміз. Сондықтан құрылыс жұмыстарында кемшілік болмауы керек. Барлығы да талапқа сай салынып, келешекте халық игілігін көретін нысан ел сүйсінетіндей болғаны дұрыс. Уақыттың да құнын бағалау керек. Көпшіліктің асыға күткен амбулаториясы белгіленген мерзімде толық аяқталуы тиіс. Елге жасап жатқан жұмыстарыңыз нәтижелі болсын, – деген аудан әкімі құрылысшыларды жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырды.
Тоқабай ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізіп жатқан мердігер мекеме де бұған мүдделі.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
21 тамыз 2024 ж. 127 0