Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Халқына қорған болған батыр баба" атты республикалық айтыс жеңімпаздары марапатталды

"Халқына қорған болған батыр баба" атты республикалық айтыс жеңімпаздары марапатталды

Ежелден ел құрметтеген ардақтыларын, батырлары мен сал-серілерін, даңқты дала қаһармандарын дәріптеп, ұлыларын қастерлеп келе жатқан қазалылықтар кешелі бері бабаларымыздың торқалы тойын дүбірлетіп өткізуде.
Халық батыры, Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойына арналған «Халқына қорған болған батыр баба» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығының залы көрерменге лық толды. Айтыс шымылдығын аудан басшысы Мейрамбек Шермаганбет құттықтау сөз сөйлеп ашып, еліміздің түрлі қалаларынан келген ақындарға сәттілік тіледі. Айтысты ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлтаев Аманжол Дүйсенбайұлы жүргізіп отырды.
Дүбірлі жыр додасында белгілі айтыс ақындары: 3 дүркін «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы), «Алтын домбыра» республикалық айтысының жеңімпазы Рүстем Қайыртай (Семей облысы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Нұрзат Қару (Алматы қаласы), Мөлдір Айтбай (Қызылорда қаласы), Қайнар Алагөзов (Ақтөбе облысы), Бексұлтан Орынбасаров (Арал ауданы), Мырзахан Қанат (Жамбыл облысы), Ерасыл Бәйментай (Сырдария ауданы), Нұрқасым Елнұр (Қазалы ауданы) бақ сынады.
Аламан айтысты шырайлы Шымкенттен келген Біржан Байтуов пен Ақтөбе облысынан қатысқан Қайнар Алагөзов бастады. Қай кезде де шаршы топта сөз бастау қиын. Десе де, республикалық айтыстарда төбе көрсетіп жүрген жас ақындар тосылып қалмады. Ауданның жетістіктерін кестелі жырмен өрнектей білді.
Екінші жұпта жұртшылық қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Жамбыл облысынан додағы түскен Мырзахан Қанат пен Алматының төрінен келген жерлесіміз Нұрзат Қару айтысты қыздыра түсті. Бұл жұптың айтысы орынды әзілмен өрбіді.
Үшінші жұптың айтысы барлығынан ерекшеленді. Сыр мақтанышы Мұхтар Ниязов пен семейлік ақын Рүстем Қайыртай сөз жарыстырды. Тәжірибесі мол аламанға түскен қос ақынға халық ерекше қошемет көрсетіп, қолдау білдіріп отырды.
Төртінші болып сөз сайыстырған Ерасыл Бәйментай мен Бексұлтан Орынбасаров торқалы тойды жырға қосып, сүбелі сөзбен көркемдеді.
Соңғы жұп қызылордалық Мөлдір Айтбай мен қазалылық Нұрқасым Елнұр түйдекті жырлармен түйіп-түйіп алғанымен, соңында бір-біріне ақ тілектерін жаудырды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі алдында аудан әкімінің орынбасары Б.Жолтаев сөз алып, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Сыр елінің тумасы, белгілі эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыровқа, жыршы, әнші, күйші, этномузыктанушы, фольклорист, филология ғылымдарының кандидаты Жүсіпов Берік Мырзалыұлына, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Қызылорда филиалының жетекшісі, республикалық, халықаралық деңгейдегі айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мансұр Нұрмат Абдоллаұлына және айтыс ақыны Мұхтар Ниязовқа Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойлық медалін табыстады.
Халықты жырмен сусындатқан айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдеге (1 млн.теңге сыйақы) ақын Мұхтар Ниязов лайық деп танылды. Ал жүлделі бірінші орынды (800 мың теңге сыйақы) Семей облысының намысын қорғаған Рүстем Қайыртай, екінші орынды (600 мың теңге сыйақы) Алматы қаласынан келген Нұрзат Қару иеленсе, аралдық Бексұлтан Орынбасаровқа үшінші орын (400 мың теңге сыйақы) жүлдесі бұйырды.
Одан бөлек, жыр додасына қатысқан Мөлдір Айтбай, Нұрқасым Елнұр, Біржан Байтуов, Қайнар Алагөзов, Мырзахан Қанат мен Ерасыл Бәйментайға «Батыр шапағаты» бағамы және 250 мың теңгенің қаржылай сыйақылары берілді.
Жанқожа бабамыздың ұлылығы мен өрлігін, ерлігін шабытты шумақтармен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Республикалық аламан айтыста ақындардың өнерін белгілі эколог-жазушы С.Жұбатыров, этномузыктанушы Б.Жүсіпов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Қызылорда филиалының жетекшіс, Н.Мансұр бағалады.
Бұл айтыстың жоғары деңгейде өтуіне ақын, филология ғылымдарының докторы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлтаев Аманжол Дүйсенбайұлының қосқан үлесі зор екенін атап өту керек.
#Қазалы
#ЖанқожаБаба250жыл
#АқындарАйтысы

Ақпарат көзі: qazaly.kz
21 қазан 2024 ж. 81 0