Аймақтың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру өсуде

Комиссия отырысы барысында Балжан Шәменованың төрағалығымен бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Оның бірі - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы жұмысының қорытындылары.
Филиал директоры Жақсылық Абдусаметов атап өткендей, егер 2019 жылы саланы қаржыландыруға 45,9 млрд теңге жумсалса, 2024 жылы - 120,3 млрд теңге қарастырылды. Өсім 2,6 есе. МӘМС жүйесін енгізу арқылы салаға 35-40% қосымша қаржы келіп жатқанына арнайы тоқталды.
«5 жыл бұрын бір отаның құны орта есеппен 353,4 мың теңге болса, биыл 6 млн. теңгеден асты. Өсім 17,6 есе. Мысалы, бұл бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық (жаппай) эмболизациясы немесе окклюзиясы, интракраниальды артерияға стенттерді тері арқылы имплантациялау сияқты оталар. Автоматты кардиовертер/дефибрилляторды, бивентрикулярлық дефибрилляторды имплантациясы, бауыр трансплантациясы бойынша оталардың құны 9 млн. теңгеден астам», - деді спикер.
Жақсылық Әбілқасымұлы Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар нормативтік құқықтық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, Қор филиалының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы айтты. Осы орайда, халықты МӘМС жүйесіне толық тартудың маңыздылығына тоқтала отырып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Баяндамашының айтуынша, облыста 129 890 (15,4%) адам МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған.
Сонымен қатар, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Отырыс соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттардың ұсыныстары ескеріліп, шешім жобасы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қарауына ұсынылды.