Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МОЛШЫЛЫҚ МЕРЕКЕСІ – АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ БЕРЕКЕСІ

МОЛШЫЛЫҚ МЕРЕКЕСІ – АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ БЕРЕКЕСІ

Топырағына өлең мен өнер қатар түнеген қасиетті Сыр елінде, оның ішінде Арал топырағында Әбеңдей перзенттің дүниеге келуі бір мақтаныш болса, оның 100 жылдық мерейтойы күллі қазақтың қуанышы. Сол қуаныш аясында ауданда бірқатар шаралар өтіп, тұлға танымын аша түсудегі айшықты бастамалар жүзеге асты. Бүгін сол мерейтойдың жалғасы ретінде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, сала озаттарына құрмет көрсету шарасы салтанат құрды.Молшылық мерекесіне қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сала еңбеккерлеріне ізгі лебізін жеткізді.
– Өздеріңіз білетіндей күні кеше ауданымызда «Ғасырлар толқынының дарабоздары» тақырыбымен халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейсовтің 100 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар өткізілді. Бүгін, міне ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, сала озаттарына құрмет көрсету шарасымен жалғасын табуда. Ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы қай кезде де жоғары. Маңдай терін төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен аудан шаруаларына, дала еңбеккерлеріне қандай мадақ айтсақ та жарасады. Арал ауданының агроөнеркәсіп кешенінде тұрақты өсу үрдісі көрініс тапты. Ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуындағы осынау оң нәтижелер аудан шаруаларының тынымсыз еңбегінің жемісі әрі мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланудың арқасында қалыптасты. Ауданымыз ауыл шаруашылығы саласы бойынша аймақтағы үздіктер көшінде үш жыл қатарынан бой көрсетіп келеді. Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлер күні құтты болсын! Халқымыздың ырыс-құты арта берсін, несібеміз мол болсын! – деді аудан басшы.
Мерекелік шара аясында адал еңбектің үлгісін көрсетіп, саланың саналуан қызметін үйлестіруде табысты еңбек еткен азаматтар ҚР Ауылшаруашылығы министрлінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің және облыс әкімі орынбасарының, аудан әкімінің Алғыс хатымен мараптталды.
Айта кетейік, бүгінгі жәрмеңкеге қала, кент және ауылдық округтерден 3,6 тонна ет (сиыр, жылқы, түйе), 55 кг құрт-ірімшік, 360 литр шұбат, 2,7 тонна балық, 3 тонна ас тұзы, тұз өнімдері, тауық еті 400 кг және 20 бас тоқты, қой (тірілей) әкелінді.
Бұдан басқа, аудандағы балық өңдейтін 6 кәсіпорындардан барлығы 10 тонна балық және балық өнімдері сатылымға шығарылды. Арал қаласындағы көкөніс және жеміс-жидек сататын жеке кәсіпкерлеріміз автокөлікпен 10 тоннаға жуық тауарлардың сатылымы ұйымдастырылды. Барлығы 30 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс дақылдары және азық-түлік тауарлары Арал қаласының тұрғындарына нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынылды.
Көп көңілін көтерген молшылық мерекесі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
09 қараша 2024 ж. 71 0