Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МӘЖІЛІС МІНБЕРІНДЕ ҚАРАЛДЫ

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МӘЖІЛІС МІНБЕРІНДЕ ҚАРАЛДЫ

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, бірқатар мәселелер күн тәртібінде қаралды.Үкімет отырысында қаралып, аймақ басшысы бақылауға алған өзекті мәселе агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмыстарды нақтылаған аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына жұмысты үйлестіру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар түрлі бағдарламаға сәйкес қолға алынып жатқан жұмыстарға бақылауды күшейтіп, ауылдан шыққан азаматтарды туған жерге қызмет етуге шақыру керектігін айтып өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар елге деген жанашырлықтың нақты көрінісі болары сөзсіз.
Мықты кәсіпкерлердің отаншылдық, жанашырлық сынды қасиеттері арқылы туындайтын түрлі бизнес идеялардың басын біріктіру аудан үшін аса маңызды. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстың кенжелеу қалып келе жатқанын алға тартып, сала бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Әкімдік мәжілісінде қаралған екінші мәселе ішкі нарықтағы тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сапасын жоғарылату шаралары. Бұл бағыттағы жұмыстар да күн тәртібінен түспеуі керек. Аудан әкімі көтерілген мәселе бойынша тиісті сала басшыларына қадағалау жұмыстарын күшейтіп, сауда орындары мен мектеп асханаларындағы санитарлық талаптардың сақталуы мен тағамдардың сапасына аса мән беруді тапсырды.
Жиында күн тәртібінен тыс ветеринария саласындағы өзекті мәселелер сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қ.Жәлімбетов баяндама жасады. Ол сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, жұмысты жандандыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де кемшін тұстары бар екенін айтып, мал қорымдарды залалсыздандыру бағыты бойынша ветеринариялық қағидалардың кей уақыттары ескерілмей жататындығын тілге тиек етті.
Жиын соңында аудан әкімі А.Оңғарбаев көтерілген қай мәселенің де өзекті екенін алға тартып, барлық кемшіліктер бойынша жұмысты қарқынды жүргізу керектігін жауаптыларға ескертті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
20 қараша 2024 ж. 60 0