АЙМАҚ КӨШБАСШЫЛАР ҚАТАРЫНДА

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қызылорда облысында 575 жоба жүзеге асырылған. Бұған «Биыл 4 млрд 596 млн теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып 610 жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылды», – деген аймақ басшысының сөзі дәлел бола алады.
Тағы бір жаңалық Қызылорда облысында алғашқы «Жайлы мектеп» ашылу болды. «Өткен жылдан бері облыста 1 мың 720 орындық 6 мектеп,1 мың 850 орындық 4 мектепте қосымша ғимарат салынып, ел игілігіне табысталды. 2024 жылы жаңадан 3 мектеп, 5 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға берілді.«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің алғашқылардың бірі болып 900 оқушыға арналған білім ордасы облыс орталығындағы жаңа шағын ауданнан ашылды» – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, соның екеуі біздің ауданда салынып жатыр. Мұндай жаңалық елдегі дамудың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Интеллектуал жастардың ортақ мекеніне айналар жайлы мектептің Аралда жұмыс істейтін күн де алыс емес деп ойлаймын.
Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылордада өткен көшпелі брифингі барысында мұнан бөлек көптеген саладағы басымдықтар мен жетістіктер тілге тиек етілді. Жол құрылысы, тұрғын үй, медицина, өзге де салалардағы серпінді жұмыстардың нәтижесі айтылған баспасөз жиыны алдағы уақытта да қарқынды жұмыстардың толастамайтынына көзімізді жеткізді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ