Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕҢІЗГЕ ТҮСКЕН СУ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

ТЕҢІЗГЕ ТҮСКЕН СУ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Арал теңізі әлем назарында. Адам баласының қолымен жасалған апат зардабы шекара таңдаған жоқ. Заманында шалқып жатқан Арал теңізінің қазіргі ахуалы адам аярлық. Бүгінде сол көк айдынның кіші бөлігін сақтап қалу арқылы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мықтап қолға алынған.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде соңғы жылдары теңізге жоғарыдан келетін судың көлемі екі-үш есеге артты. Айталық 2022 жылы теңізге 816 млн. м3 су түссе, 2023 жылы 2,4 млрд.м3 су жіберілген. Биылғы жылдың осы кезеңіне дейін Аралға жоғарыдан түскен судың көлемі 2,2 млрд.м3-ді құрады. Су мамандарының айтуы бойынша теңіз көлемі биыл 22,1 млрд.м3 дейін көбейіп отыр.
Негізінен теңіз көлемінің едәуір ұлғаюы Көкарал бөгетінің тұсы мен «Үшарал» аймағында байқалуда. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ асқан аудан әкімі А.Оңғарбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С.Сермағамбетов Сырдарияның Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы маңызды стратегиялық нысан «Ақлақ» су тоспасында болды.
Жергілікті тұрғындармен болған кездесуде Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары З.Қазтоғанов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары А.Асанбаевпен қатар Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшылары мен су шаруашылығына қатысты мамандар болды.
Қазіргі таңда «Ақлақ» су тоспасы арқылы Кіші Аралға секундына 110 текше метр су жіберіліп жатыр. Дегенмен түрлі экологиялық факторларға байланысты су қорының белгілі бір мөлшері жоғалады. Буға айналады, теңіздің құрғаған ұлтанына, ылғалды аймақтарға сіңетін су мөлшерінің көп болатыны дәлелденіп отыр.
Кездесуде басқарма басшысы Солтүстік Арал теңізін қалыпты деңгейде ұстап тұруда қабылданып жатқан шаралар мен жүргізіліп жатқан мемлекетаралық маңызды шешімдер туралы баяндады.
– «2020-2023 жылдардың маусым, шілде, тамыз айларында Арал теңізіне орташа 7-10 м3/сек су түссе, ағымдағы жылы 70 м3/сек су түсті. Жыл басынан бері Солтүстік Арал теңізіне 2 млрд.м3 су түсті. 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 млрд. м3 көбейді, - деді басқарма басшысы С.Сағитжанұлы.
Бұл сапардың басты мақсаты – өңірдің су ресурстарының жағдайын бағалау, су деңгейінің төмендеуі мен экожүйе өзгерістерінің әсерін анықтап, тиісті шаралар қабылдаудың қажеттілігін түсіну.
Мамандар мұнан соң ғасыр жобасы атанған «Көкарал» бөгетіне барып, балықшы қауыммен жүздесіп, теңіз мөлшері мен жүргізіліп жатқан жұмыстарға қанықты.
Көкарал бөгеті 2005 жылы САРАТС жобасы аясында салынған. Кейінгі жылдары Кіші Аралды сақтауда маңызды рөл атқарып келе жатқан стратегиялық нысанның оң жақ қапталын су шаю қаупі туындаған. Бұл бағыттағы жұмыстарға республикалық бюджеттен жалпы құны 4,3 млрд теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда бөгет жанындағы 788 метр жерді нығайту жұмыстары жүруде. Сондай-ақ Сырдария арнасын қалпына келту бойынша Қарашалаң көлі арқылы 2 арнаның құрылысы қолға алынса, Ескі арнаны қалпына келтіру жұмыстары жүрді. Бұл жұмыстардан күтілетін нәтиже Солтүстік Арал теңізін сақтау, су айналымын қалпына келтіру және теңіздің тұздану деңгейін төмендету болып отыр.
Кіші Арал теңізі – тек экологиялық ғана емес, экономикалық тұрғыдан да аса маңызды аймақ. Мамандар басқосуы осы аймақтағы экологиялық дағдарыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
29 қараша 2024 ж. 105 0