Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Ел есіндегі Еламан"

"Ел есіндегі Еламан"

Өткен аптада Арал қаласының №19 АОРМБЖМ спорт залында 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай баскетболдан Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Еламан Әбдіреевті еске алуға арналған аудандық ашық турнир өтті.
Турнирдің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев қатысып, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының қатарынан табылған Еламан Кеңесұлының сол бір кезеңдегі нағыз ерлігіне тоқталып, шараға арнайы келген Желтоқсан қаһармандарына шынайы ықыласын білдірді.
– Бүгін біз үшін ерекше күн, себебі, осы турнирді өткізу арқылы біз Қазақстанның Тәуелсіздігі жолында құрбан болған, желтоқсан оқиғасының қайсар батырларының бірі, біздің ауданымыздың мақтанышы, ардақты азаматымыз Еламан Абдреевтің есімін мәңгі есте сақтаймыз.
Желтоқсан қозғалысында қаза тапқандардың бәрі еліміздің Тәуелсіздігі жолында бірлік пен елжандылықтың ерен үлгісін көрсеткен өршіл болмысты батырларымыз болатын.
Ерлікті ұлықтау, насихаттау, құрмет көрсету бүгінгінің басты парызы мен аға ұрпақ алдындағы міндеті. Осындай үлкен жүкті ескере отырып, Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарына деген құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың борышы деп есептеймін, –деп жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Мұнан кейін сөз алған Желтоқсан оқиғасының қаһарманы, спорт ардагері Нағашыбай Сариев батыр тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпақ үшін үлгі екендігін айтып, командалардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.
Турнир барысында Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, білім саласының ардагері Құлтаева Ұлболсын жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, доданың жақсы өтуіне өз ықыласын білдірді.
Айта кетейік, аталмыш аудандық жарысқа 7 команда қатысып, оның сапында 80- ге жуық баскетболшылар бақ сынады.
Бәсекеге толы турнир қортыныдысы бойынша қыздар арасында І орын Қызылорда қаласы командасына бұйырса, ІІ орынды Арал қаласы командасы еншіледі. Ал жүлделі ІІІ орынға №14 мектеп лицейі командасы жайғасты.
Ерлер арасындағы тартысты дода бойынша І орынға Арал қаласы командасы лайық деп танылса, ІІ орынға Қызылорда қаласы командасы жайғасты. Жүлделі ІІІ орын №83 орта мектеп командасына бұйырды.
Марапат төрінен көрінген барша команданы құттықтаймыз.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
10 желтоқсан 2024 ж. 100 0