Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда волейболдан аудандық турнир бастау алды

Аралда волейболдан аудандық турнир бастау алды

Аудан орталығында 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай волейболдан Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Еламан Әбдіреевті еске алуға арналған аудандық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Турнирдің ашылуына аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының қатарынан табылған Еламан Кеңесұлының сол бір кезеңдегі нағыз ерлігіне тоқталып, шараға арнайы келген Желтоқсан қаһармандарына шынайы ықыласын білдірді.
- «Сіздерді ең алдымен еліміз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – шекарамыз шегенделіп, Туымыз төрге ілініп, Әнұранымыз асқақтап, Елтаңбамыз елдігімізді көрсеткен ұлық күн. Бүгін осы айтулы мерекемен қатар, киелі Арал топырағында туып-өскен, Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Еламан Әбдіреевті еске алуға арналған аудандық турнирде бас қосып отырмыз. Егемен еліміздің тарихында елдік пен ерліктің көрінісі болған Желтоқсан оқиғасының маңызы зор. Азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың ұлы арманы жолында бостандық үшін күрескен боздақтар асқақ рух пен қайсарлықтың үлгісін таныта білді. Соның қатарында аралдық Еламан Кеңесұлы ағамызда бар. Еламан Кеңесұлының есімі артындағы ұрпақтары мен жерлестерінің есінде мәңгі сақталады. Бүгін ардақты азаматтың ғибратты ғұмырын ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында волейболдан аудандық дәрежеде турнир бастау алғалы отыр»,- деп, жарысқа қатысушы волейболшыларға сәттілік тіледі.

Мұнан кейін сөз алған ағасы Болат пен «Еламан Әбдіреев атындағы Аралдық желтоқсаншылар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С. Елубаев батыр тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпақ үшін үлгі екендігін айтып, командалардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, аталмыш аудандық жарысқа өңірден 10 команда қатысып, оның сапында 100-ге жуық  волейболшылар бақ сынауда.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
Сурет: Арал ауданы әкімдігі
17 желтоқсан 2023 ж. 2 908 0