Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда волейболдан республикалық турнир бастау алды

Аралда волейболдан республикалық турнир бастау алды

Бүгін аудан орталығында волейболдан 2009-2010 жылдары туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында белгілі спортшы Асқат Ахановты еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш турнирдің ашылуына аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып, волейболшы А.Ахановтың өмір жолына тоқталып, жарысқа қатысушы жас волейболшыларға сәттілік тіледі.
Мұнан кейін сөз алған спорт ардагері Орынбай Әбдікеров белгілі спортшының жетістіктіктері өскелең ұрпақ үшін үлгі екендігін айтып, командалардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.
Асхат Өмірзақұлы 1984 жылы дүниеге келіп, Арал қаласындағы №62 орта мектебінде оқып жүріп, 11 сыныпты бітірер шағында дүниеден озған. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында мектеп қабырғасында жүріп волейбол спортына ерекше ден қойып, аудан, облыс чемпионы атанған. Облыс құрама командасының тұрақты мүшесі болып, аудан спортында өзіндік орнын қалыптастырған.
Спортшының артта қалдырған ізін, оның адамгершілігін, кішіпейілдігін өскелең ұрпаққа насихаттау, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында 2002 жылдан бастап еске алу турнирі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Алғашқы 5 жыл бойы бұл турнир аудандық деңгейде, кейін облыстық дәрежеде өткізіліп келсе, 2017 жылдан бастап республикалық мәртебе алып, биыл ауданымызда жиырма екінші мәрте ұйымдастырылуда.
Республикалық жарысқа еліміздің 6 аймағынан - Жамбыл, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан , Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан келген 48 команда сапында 500-дан астам жас волейболшылар бақ сынауда.
"Толқын" ақпарат
25 ақпан 2023 ж. 1 115 0