Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қызылжарлық ағайынмен жүздесті

Аудан әкімі қызылжарлық ағайынмен жүздесті

Сыр өңірінде өзіндік мәдениеті қалыптасқан, дәстүрлі өнердің қаймағы бұзылмаған берекелі ауылдардың бірі Қызылжар. Сапар барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев осы Қызылжар елді мекенінде болып, ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Биылғы жылы атқарылған жұмыстардың бірқатарына тоқталып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
Жергілікті халық ауылішілік электр желілерінің ескіргендігін, ауылдағы пошта қызметінің жұмысы жалғаса берсе деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ ауылдан сайланған депутат халықпен жиі кездесіп, мәселеге назар аударса деген ұсыныс айтты. Ауыл маңындағы су арналарының жұмысын реттеу арқылы, жайылымдық жерлерді суландыру мәселесі де айтылды. Ауылдық округке қарасты Шөмішкөл ауылының тұрғыны Ш.Әбдікеров елге қатысты өзекті деген мәселелері кездесуде аудан әкімінің назарына ұсынды.

Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың көтерген әрбір мәселесі орынды екенін айтып, оларды шешу жолында жұмыс істелетінін жеткізді. Әр мәселеге жеке-жеке жауап беріп, тиісті бөлім басшылары тарапынан мәселеге қатысты түсіндірме жауаптар берілді.
Елде болған келелі кездесу барсында ауылдың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан бір топ белсенді азаматтарға жыл қорытындысымен аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Ауыл тұрғындары аудан әкімінің жыл бойы атқарған жұмысына оң баға беріп, елге қызмет ете беруге тілектестіктерін білдірді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

26 желтоқсан 2024 ж. 150 0