Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің мәселесі аудан әкімінің назарында

Елдің мәселесі аудан әкімінің назарында

Елмен етене жақын болып, шалғайдағы ағайынның тұрмысын көзбен көруді мақсат еткен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтарды аралады. Сыр беткейдің бүгінгі тіршілігін назарға алған аудан басшысы ең алдымен Үкілісай, Бекбауыл, Құмбазар елді мекендеріне барып, жергілікті халықпен кездесті. Кездесу барысында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар мен өңірдегі оң өзгерістер жөнінде баяндап өтті.
Ауыл тұрғындары кездесуде халық үшін аса қажетті деген өтініш тілектерін де Аманжол Сақыпұлының назарына салды. Соның ішінде балалар ойын алаңын салу, су ұңғымасын қазу, ауылішілік электр желілерін жаңарту қажеттігін айтты. Сонымен бірге, жол қатынасы қиындық тудыратынын, шабындық және егістік жерлерді суландыру мәселелерін реттеу керектігін жеткізді.
Жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған соң аудан әкімі аталған мәселелердің назарда болатындығын айтып, жауапты сала басшыларына оң шешілу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берді. Соның ішінде электр желілерін жаңарту, елді мекен аралығындағы жол салу мәселелері кезектілігімен жасалатындығын түсіндірді.
Сапар барысында ауылдардағы медициналық бекет пен дәрігерлік амбулаторияға ат басын бұрған өңір басшысы дәрігерлерге сапалы медициналық қызмет көрсету қажеттігін тапсырды. Одан соң ұрпақ тәрбиелеу ісімен айналысып отырған  мектеп пен балабақшаларды аралап, білім беру мекемелеріндегі жұмыс барысымен таныс болды. Әлеуметтік нысандардың жағдайын көрген соң ғимараттарды талапқа сай пайдаланып, күтіп-ұстау жөнінде тапсырма жүктеді.
Мұнан соң Аманжол Оңғарбаевтың елді мекендерді аралау сапары Райым және Аманөткел ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қызылжар, Шөмішкөл елді мекендері тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Шөмішкөлдіктер жайылымдық және шабындық алқаптары үшін маңызы зор «Ардана» каналына шлюз орнату мәселесін ұсынса, қызылжарлықтар «Шөмішкөл-Қызылжар» және «Арал-Қызылжар» бағытындағы автокөлік жолдарының құрылысын сапалы аяқтау қажеттігін айтты.
Тұрғындардың пікірін мұқият тыңдаған аудан басшысы «Ардана» каналына шлюз орнату үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленетіндігін, алдағы уақытта құрылысына қаржы бөлу үшін тиісті басқармаға өтінім жолданатындығын түсіндірді.
Әрі қарай аудан әкімі Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Мұндағы халықтың көптен бергі тілегі жаңа мектеп ғимараты болатын. Аудан басшысы ауыл ардагерлері мен тұрғындарға облыс әкімінің қолдауымен жаңа 50 орындық білім ошағы бой көтеретіндігі туралы ақжолтай жаңалықты жеткізді.
Бұдан кейін Жамбыл өндірістік кооперативінің көктемгі жер жырту жұмыстарын көріп, аталмыш кооперативтің балық өсіру цехының жұмысымен танысып шықты. Қазіргі таңда егістік алқабында жер жырту жұмыстары аяқталған, жақын күндері жергілікті жерге төзімді көкөністер мен дақылдар егілетін болады. Ал балық өсіру цехында тұқы балықтары, сазан, дөңмаңдай ақ амур шабақтары өсірілуде, мерзімінде теңізге жіберілмек.
Аудан әкімі ауылдардағы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелеріне барып, қазіргі жағдайын көрген соң жұмыс сапасын арттыруды жауапты басшыларға тапсырды. Мұнымен қоса, Сыр өңіріне жасалған сапар барысында «Жақайым ата» кесенесі мен «Нұртуған ата» бейітіне ат басын бұрып, ата-баба рухына тағзым етті.
Елдің мәселесіне мән беріп, халықтың пікіріне құлақ түріп қайтқан аудан әкімі алдағы уақытта халық қажеттілігін өтеу бағытында атқарылуы тиісті жұмыстарды осылайша саралап өткен болса, жоспарға алынып ел игілігін көздеген кейбір маңызды жобалардың жуырда оң шешімін табатындығын айтып елдің ықыласына бөленді.
«Толқын» ақпарат

20 сәуір 2024 ж. 219 0