Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Бекбауыл және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды

Аудан әкімі Бекбауыл және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Бекбауыл және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды.

Алдымен Бекбауыл және Құмбазар елді мекендеріндегі ауылдық клуб ғимараттарында тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы өңірдегі оң өзгерістер мен қуаңшылықты еңсеру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауыл тұрғындары жергілікті жердегі өзекті мәселелер мен өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Тұрғындар негізінен жол мәселесі қиындық тудыратынын айтып, шешімін табуды сұрады. Бұдан бөлек тұрғындар тарапынан жаңа клуб қажет екендігі, электр желілерінің ескіргендігі және «Кеңесарық» каналынан көлге су алу сынды бірқатар мәселелер көтерілді.

Айтылған ұсыныстарды тыңдаған аудан әкімі Бекбауыл елді мекеніне дейінгі автожолдың құрылысына жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізіліп, қаржыландыру үшін құзырлы орындарға өтінім тапсырылғанын түсіндірді. Ал елді мекендегі ауылдық клуб ғимараты тозығы жеткендіктен 2014 жылы апатты деп танылған. Соған байланысты жаңа ғимарат салу мақсатында жобалау іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нысанның жоба сметалық құжаттарын әзірлеу үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына ұсыныс берілген. Сондай-ақ, ауыл ішіндегі электр желілерін қайта жаңғырту үшін де тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, каналдан су алу үшін жауапты мекемелерге ұсыныс жолданатынын білдірді.

Құмбазар елді мекенінің тұрғындары халықтың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан шабындық алқаптарды суландыру маңызды екендігін айтты. Сонымен бірге жол қатынасының қиындығы, ұялы байланыс қызметінің нашар екендігі және аяқ су қажеттігін тілге тиек етті.

Аудан басшысы барлық талап-тілектердің орынды екендігіне тоқталып, шабындық алқаптарды суландыру үшін тиісті сала мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізген соң қорытындысымен тиімді шешім қабылданатынын жеткізді. Ұялы байланыс операторларына да қызмет сапасын көтеру жөнінде ұсыныс беріліп, өз кезегімен шешілетінін айтып өтті. Кездесуден соң ауыл ардагерлері өңірде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Сапар соңында аудан басшысы «Қамбаш» көлінің жағасына барып, су деңгейін көрді. Жауын-шашынның аз түсуінен және Сырдария өзенінен су деңгейінің жеткіліксіз мөлшерде келуінен өңірде қуаңшылық орын алды. Атап өтейік, Қамбаш көліне бірнеше жылдан бері Сырдария өзенінен су мөлшерінің аз келуі салдарынан 400 метрге дейін алыстап кеткен болатын. Бұл өз кезегінде жағажайдағы демалыс орындары мен өңірдегі туризмнің дамуына, тұрғындардың шаруашылығына айтарлықтай кедергі келтірді. Қазіргі таңда «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» су ағытқысы іске қосылған соң бүгінгі күнге дейін Ақшатау көлдер жүйесіне 250 млн куб, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 160 млн куб су құйылған. Соның ішінде "Советжарма","Қулы"," Жас ұлан" каналдары арқылы Райым, Жалаңаш, Қаязды, Лайкөл, Қамбаш көлдеріне су келуде. Нәтижесінде Қамбаш көліндегі су деңгейі көтеріліп, жағаға жетуіне 70-80 метрдей қалды.

Қамбаш көлі қалпына келген соң сол маңдағы жайылымдық жерлер суланып, балық шаруашылығы жанданады. Сондай-ақ, жазғы маусымда эпидемиялогиялық ахуал тұрақталған жағдайда жағажайдағы кәсіпкерлік нысандар жұмысы мен туризм саласының өркендеуіне тигізер әсері мол болмақ.




"Толқын" ақпарат

24 қаңтар 2022 ж. 799 0