Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуаңшылықты еңсеру бағытындағы атқарылған жұмыстар сараланды

Қуаңшылықты еңсеру бағытындағы атқарылған жұмыстар сараланды

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов бұқаралық ақпарат құралдары және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Кездесуде биылғы жылғы ауданда орын алған қуаңшылық мәселесін еңсеру бағытында жасалған жұмыстардың есебі берілді.

Аудан басшысы өңірдегі қуаңшылық салдарын жою бағытында жарияланған төтенше жағдайға сәйкес бюджет есебінен және Болат Өтемұратов қорынан бөлінген қаржыға атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.

Сырдария өзенінің бойындағы Ақшатау, Қамыстыбас көлдер жүйесін суландыру мақсатында «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» суағытқысы іске қосылды. Бұдан бөлек жайылымдық жерлерді суландыру үшін Мергенсай, Құланды ауылдық округтерінен және Сексеуіл кентінен су ұңғымаларын қазу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілсе, Беларан және Аққұм ауылдық округтерінде су ұңғымалары қазылуда.

Сонымен қатар, аудандағы аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға жем-шөп тегін үлестірілді. Шалғай елді мекендердегі ауыз су мәселесі ескеріліп, Құланды елді мекеніне су таситын автокөлік табысталса, Тастүбек елді мекеніне келісімшарт бойынша қаңтар айында беріледі деп күтілуде.

Аудан әкімі қуаңшылықты еңсеру бағытындағы каналдарды тазалау, тұрғындарды жем-шөппен қамту, су тоспаларын салу сынды атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып, бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатындығын жеткізді.

Кездесу барысында жиынға қатысушылар бірқатар мәселелерге байланысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Қуаңшылықты еңсеру бағытында жасанды жаңбыр жауғызу құрылғысын тәжірибеге енгізу, сонымен қатар жергілікті жерден ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу туралы ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ бұдан өзге де мәселелер қозғалып, кеңінен талқыланды.

Аудан басшысы аталған әрбір ұсыныстарға жекелей тоқталып, тұрғындар тарапынан көтерілетін мәселелердің назардан тыс қалмай, оларды шешу бағытында жұмыстардың қолға алынатындығын жеткізді. Сонымен қатар жиынға қатысушыларды алдағы уақытта елдік мүдде жолында тығыз байланыста жұмыс жасауға шақырды.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

29 желтоқсан 2021 ж. 317 0