Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

АУДАН ӘКІМІ БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

Өткен аптада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жұмыс сапарымен бірқатар елді мекендерде болды. Сапарын Бекбауыл ауылдық округіне қарасты Құмбазар елді мекенінен бастаған аудан басшысы ең алдымен ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Кездесу барысында ауыл үлкендері көкейіндегі ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Осы орайда аудан басшысы жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес ағымдағы жылы Құмбазар елді мекенінің жоғары жағындағы дариядан бастау алатын «Кеңесарық» каналының ұлтанын тазалау жұмыстарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қаржы қаралып, арнайы конкурс қорытындысымен мердігері анықталып отырғандығын жеткізді. Одан әрі ауыл жұртшылығының проблемалық мәселелерімен кеңінен танысу мақсатында Құмбазар, Үкілісай елді мекенінің тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Айта кету керек, биылғы жылы жергілікті төртінші деңгейлі бюджет есебінен Құмбазар елді мекеніндегі қорымды қоршау жіне түнгі жарықтандыруға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Аудан әкімінің жұмыс сапары Ақирек ауылдық округі, Ақбай ауылында жалғасты. Ертеден егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан жеке кәсіпкер Жаңабай Жолмырзаевтың бақшасына ат басын бұрып, 8 гектар егілген қауын-қарбыз алқабындағы жұмыс барысымен танысты. Мұнан бөлек, Санат Нұрмановтың алма бағында болған аудан басшысы шаруа иелерінің ұсыныстарын тыңдап, жұмыстарына сәттілік тілесті. Құм ортасында алма жемісін өсіруді қолға алған кәсіп иесінің жұмысымен кеңінен танысқан аудан әкімі одан әрі ауыл ақсақалдарымен кездесті. Биыл Ақбай елді мекенінде жарықтандыру жұмыстары қолға алынса, күзге қарай диод шамдарын орнату жоспарланған.
Аудан әкімі одан әрі Қамыстыбас, Аралқұм ауылдық округінде болып, жергілікті ақсақалдармен жүздесті. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын ортаға салған ол, аталған елді мекен тұрғындарымен жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, заң аясында жауап берді. Айта кетейік, қазіргі таңда Қамыстыбас ауылдық округінде өткен жылы салынған «Тағзым алаңының» жанынан сахына салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, алдағы айларда трансформатор орнату, жарықтандыру, елді мекеннің кіре беріс қақпасын жаңалау, бағандарға жарық шамдарын орнату, көше жарықтарын жөндеу сынды жұмыстар да бастау алмақ. Ал, Аралқұм елді мекені бойынша алдағы қараша айында трансформатор орнату жоспарланса, Шөміш елді мекенінде жарықтандыру және трансформатор орнату жұмыстары қолға алынбақ. Осы орайда, аудан басшысы атқарылатын әрбір жұмыстың сапалы жасалуына баса назар аудару қажеттігін ескертті.
Аудан әкімі жұмыс сапары соңында Сапақ ауылдық округіне аялдап, елді мекендегі су айдау станциясында ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігіне қаныққан ол аталған елді мекенде жоспарланып отырған жұмыстарды тарқатып өтті. Атап айтқанда, биылғы жылы аталған ауылдық округке қарасты Көктем елді мекеніне ауыз су жүйесін жүргізу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірлеу, балалар ойын алаңын жөндеу және Сапақ, Көктем елді мекендерінің көше жарықтарын жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
25 мамыр 2020 ж. 788 0