"Сергек" іске қосылды
Аралдықтар «Сергек» деп атап жүрген камералардың шын атауы «EKIN» екен. Қала мен күре жолдың бойында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «EKIN» бейнебақылау камералары іске қосылды.
Қазіргі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Арал қаласында 72 бейнебақылау камерасы және 7 «EKIN» камерасы орнатылған.
Бұл өз кезегінде жолдағы қауіпсіздікті нығайтуға көмегін тигізіп, жүгенсіз жүргізушілердің жөнге келуіне мүмкіндік жасайды. Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту, жол белгілерiн сақтамау (тоқтау сызығын басу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау) сынды жол ережесін бұзу фактілерін тіркейді.
Құзырлы орган жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеу автоматтық режимде жүргізілетінін және полиция қызметкері тексергеннен кейін көлік жүргізушісіне түрлі мобильдік қосымшасы арқылы жіберілетінін жеткізді. Бұл тек көлік жүргізушілер құқық бұзушылығын ғана емес жаяу жүргіншілер заң бұзушылығын да анықтайды. Яғни 3 бағытқа қаралған камераның жоғарғы бөлігі ақылды камера болып есептелгендіктен, ол жаяу жүргіншілер жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын автоматты түрде жазып отырады.
Бүгінде қалада жедел басқару орталығы ашылып, жауапты 3 маман жұмыс істейді. Олар камераларды бақылау арқылы заң бұзушыларды анықтай алады. «EKIN» жобасы камераларының көп бөлігі қалалардың түрлі қоғамдық орындарында, тұрғын үй кешендерінде, мектептер мен адамдар көп жиналатын жерлерде орналасқан.
Нақтырақ тоқталсақ, EKIN жүйесі іске қосылған аумақтар қатарына Қызылорда және Шижаға бағытындағы «Самара – Шымкент» тас жолы, қаладағы Бақтыбай батыр, Абай мен С.Сейфуллин, Нұржаубаев көшелері, кіре беріс тас жол №71 мектеп тұсы мен бірқатар әлеуметтік нысандар және ғимараттардың маңына қондырылған.
Нұрай ӘМІРХАНОВА