Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалыққа қатысты талап босаңсымайды

Тазалыққа қатысты талап босаңсымайды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес көтерілген мәселе бойынша бірқатар міндеттер нақтыланды.
Ең алдымен аудан әкімі «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру туралы мәселеге сәйкес бірқатар кемшіліктерге тоқталып, тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2024 жылдың көктемінен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алып, кейін бағдарламаға айналып, жыл бойы жүргізілді. Экологиялық бағдарлама шеңберінде аудан орталығы мен барлық елді мекендерде 5 кезеңнен тұратын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтары ұйымдастырылды.
Акция барысында барлығы 2 мың 577 тонна қатты қалдықтар полигонға тасталып, 6 мың 101 түп ағаш және түрлі гүлдер отырғызылды. Бұдан бөлек, аллеялардың, саябақтардың және тарихи-мәдениетті ескерткіштердің аумақтары тазартылып, әрлеп-сырлау жұмыстары жүргізілді.
Қала, кент және елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін айтқан аудан әкімі аталған платформа бойынша жүргізілген жұмыстарға қанықты. Әлі де кемшіліктер бар екенін айтып, қала бойынша жұмыстарды күшейту керектігін атап өтті. Себебі ауданның тазалыққа қатысты көрсеткіші ең алдымен Арал қаласы келбеті бойынша бағаланбақ.
Жиында Аманжол Сақыпұлы кәсіпкерлік нысандардың тазалығы, бағдаршамдардың жұмысы, су айдындарындағы қауіпсіздік және Арал қаласына орнатылған 77 бейне бақылау камералары бойынша жұмыс деңгейіне қанығып, тазалықты сақтауда осы және өзге де кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізу керектігін жауаптыларға міндеттеді.
Сонымен қатар алдағы күн райының суытуына байланысты аудандағы әлеуметтік нысандарда жылудың үздіксіз әрі кедергісіз берілуін қатаң бақылауда ұстауды жауапты бөлім басшыларына тапсырып, коммуналдық қызметтің барлық түрі бойынша мәселе туындауына жол бермеу керектігін нақтылады.
Осы және өзге де мәселелерді назарға алған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев көтерілген мәселе бойынша қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшыларын тиянақты жұмыс жүргізуге шақырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Арал ауданы әкімдігі
21 қаңтар 2025 ж. 57 0