Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау маңызды

Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2025 жылғы мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша түсіндірме жұмыстары жөнінде арнайы жиын болды.
Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев төрағалық етіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс орталығынан арнайы келген мамандарды таныстырды. Олардың қатарында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мутаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Асылжан Жарылқасынов және «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы директорының орынбасары Досжан Анасбаев бар.
Өткен жылдың қорытындысымен аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 13,8 млрд. теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,6 пайызға артты.
Сонымен бірге, ауданда мал басында да өсім бар, жыл қорытындысымен төрт-түлік малымыз 12643 басқа көбейген. Өңделген балық көлемі 4883 тонна болса, балық экспорты 2867 тонна болып отыр. Балық қорын молайту мақсатында ауданымыз бойынша тоғанда балық өсіру жұмыстары қолға алынып, жасалған жұмыстар нәтижесінде 8 тоғанда балық өсіру шаруашылығы іске асырылып келеді.
2024 жылы аудан бойынша 1014,75 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұдан бөлек, ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында 55 жоба қаралып, 38 жоба мақұлданып, қаржыландырылды.

Жиын барысында кәсіпкерлер мен шаруашылық жетекшілері айтқан маңызды ұсыныстар ескеріліп, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшылығы тарапынан тиісті түсіндірме жұмысы жүргізілді.
