Үкіметке зор жауапкершілік жүктелді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Бұл – жылдың басындағы аса қажетті жиын. Елдегі экономикалық жағдай сарапқа салынды. Мемлекет басшысы түйінді сөзінде Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталды.
«Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту», деді Президент.
Біздің Үкіметке жетпей жатқан бір іс болса – осы. Әр жер, әр өңірде нәтижелі жұмыс бар. Бірақ мәселеге тұтас қарау, ортақ шешімдер қабылдау, министрліктер жұмысын бірлесе отырып үйлестіру жағы жетіспейді. Мұны Мемлекет басшысы қадап тұрып айтты.
«Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек», деді.
Сырттай қарасаңыз, Үкімет жаппай жұмылып жұмыс істеп жатқан сияқты. Апта сайын Үкімет отырысы өтеді. Премьер-министр тапсырма береді. Шапқылап жүрген бір адам. Ал нәтиже қандай? Берілген тапсырма орындалды ма? Орындалмаса неге орындалмады? Сұрау жоқ секілді. Тапсырмалар бар. Тиянақты орындау жағы аз. Сұрау, бақылауға алу, өз міндеттерін дұрыс атқармағандарды жауапқа тарту жағы байқалмайды. Осы қалыппен кете берсек, бәрі жай әшейін сөз түрінде қалады. Сондықтан «белбеуді бууға бел керек». Жедел шешім қабылдауға ер керек. Жауапкершілікті өз мойнына ала білу деген талап орнықса дейміз.
Осы уақытқа дейін экономиканы дамыту үшін «кластер керек» дедік. Одан кейін «инновация керек» дедік. Сосын «индустриализация керек» дедік. Қанша миллиард қаржы кетті соның бәріне. Жауап берген біреу бар ма?
Президент тағы да қайталап айтып жатыр: «Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал».
Құлықсыздықтан қалай құтыламыз? Жауапсыздықты қалай реттейміз? Дербес шешім қабылдауға қашан көшеміз? Үкіметтің ендігі жұмыс сапасы ең алдымен осы сауалдарға жауап беруіне тікелей байланысты.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөзден алынды