Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жеке қабылдау өткізді

Аудан әкімі жеке қабылдау өткізді

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев бекітілген кестеге сәйкес азаматтардың жеке мәселелері мен өтініштері бойынша арнайы қабылдау өткізді.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар аудан әкіміне ұсыныс-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Қабылдауға жазылған азаматтар үй және жер кезегіне қатысты мәселелерін айтса, енді бірі тұрақты жұмысқа орналыстыру жөнінде талаптарын жеткізді.
Елге ортақ мәселені аудан әкімінің назарына ұсынған азаматтар да болды. Мәселен Конту елді мекенінде тұратын Майрамкүл Сүгіралиева елді мекенге барар жол, ауылдағы бастауыш мектепті ұстап қалу, медициналық тексеру және байланыс қызметі мен тазалық мәселесі бойынша өз ұсыныстарын аудан әкіміне жолдап, осы мәселелер ретімен шешімін тапса деген тілегін жеткізді.
Қала тұрғыны Бексұлу Ешниязова да Ғ.Шектібаев көшесін асфальттап, биіктетсе деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар осы кезге дейін айтылған ұсыныстар ескерусіз қалмай, жауапты тұлғалардың ықпалымен біршама жұмыстар атқарылғанын айтып, тұрғындар атынан алғыс білдірді.
Сексеуіл кентіндегі жұмыссыздық мәселесін көтере келген Санат Жұмағұлов та жұмыспен қамтуда нақты әлеуметтік статусқа сай жұмыссыз азаматтар анықталып, бірінші кезекте солар жұмыспен қамтылса деген ұсынысын айтты.
Аудан басшысы елге ортақ мәселені көтере келген азаматтарға ризашылығын білдіріп, айтылған ұсыныстар бойынша нақты шешім қабылдап, мәселені шешу жолында жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Өзге келушілердің мәселелеріне де жеке дара тоқталды. Тұрақты жұмыс сұрап келген азаматтарға кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерден түскен сұраныс бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Тұрғындардың өтінішіне сай мамандығына сәйкес және қоғамдық жұмысқа орналасу бойынша жауапты бөлім басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Ал тұрғын үй қажеттілігімен келген адамдарға өңірдегі тұрғындарды баспанамен қамту әр санат бойынша жүргізілетіндігі түсіндірілді.
Аудан басшысы көтерілген әрбір мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді. Айтылған өтініштер мен ұсыныстар бойынша құзырлы мемлекеттік мекеме басшыларына және қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
01 ақпан 2025 ж. 45 0