Тазалық пен тәртіп тұрақты бақылауда
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы тазалық мәселесі мен қоғамдық тәртіп төңірегінде арнайы жиын өтті. Аталған жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, бірнеше мәселелер бойынша жол берілген кемшіліктерді назарға алды.
– Тазалық мәселесінде «қыс келді» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Күнге сенім жоқ екенін жақсы білесіздер. Бүгін еріген қар суы ертең-ақ көк мұзға айналуы мүмкін. Сондықтан Арал қаласының шекарасынан бастап, кіреберіс арканы қамти отырып автомобиль жолын қар мен мұздан тазалап шығу қажет. Әсіресе, қаладағы орталық көшелер мен орталық базардың маңын қатаң бақылауға алып, тазалау керек, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Мұнан бөлек ауылдық жерлерде де тазалық мәселесіне лайықты деңгейде көңіл бөлінуі керектігі айтылды. Көшелердегі билбордтар, қоршаулар мен бағаналар және жол белгілері мен бағдаршамдар бойынша кемшіліктерді толықтай бақылауға алуды тиісті бөлімдер мен қала әкіміне жүктеді.
Қала көшелері мен әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қатысты жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесін арнайы слайд арқылы көрсетіп, кеткен кемшіліктер бойынша жұмыстарды қазірден қолға алуды жауаптыларға жүктеді.Жиында аудандағы қылмыстық ахуал мен қоғамдық тәртіпке қатысты да бірқатар ескертпелер аудан әкімі тарапынан айтылды.
– Ауданда құқық бұзушылық пен қылмыстық ахуалдың тұрақтылығын сақтау да бүгінде басты мәселеге айналып тұр. Топтық төбелес пен ұсақ құқық бұзушылықтар аудан аумағында жиі орын алып тұр. Әсіресе аудан жастарының топтасып төбелесуі дәстүрге айналды десек те болады. Бұл мәселеде аудандық Полиция бөлімі жұмысты жетілдіру қажет. Керек болса күнде рейдтік шаралар ұйымдастырып, тәртіпке бағынбайтындарға жаза көру керек, – деді аудан әкімі.
Жиын қорытындысында тапсырманың уақытылы орындалуын салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарлары бақылауға алу керектігі айтылды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі