Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақорғанда жайлы мектеп пайдалануға берілді

Жаңақорғанда жайлы мектеп пайдалануға берілді

Еліміздің ертеңi жас ұрпақтың жоғары деңгейде бiлiм алуына көңіл бөлу – мемлекетiмдiн ең маңызды мiндетi. Осы ретте, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мектептер ашылуда.

Өңірде Сайлауалды бағдарламаға енген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланған болатын. 4 білім ордасы пайдалануға берілсе, бүгін Жаңақорған ауданындағы, «Саяжай» мөлтек ауданында 600 орындық білім ошағы ел игілігіне табысталды.

Нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов, партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов қатысты.

Бой көтерген ғимараттың құрылысын жүргізген Мердігер: «Аман-құрылыс» ЖШС.

«Жаңа нысан заманауи үлгіде салынған. Балаларға білім берумен қатар жан-жақты дамытуға қажет жағдайлар ойластырылған. Сондай-ақ, шәкірттердің барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне толық мүмкіндік жасалған. Балалардың қауіпсіздігіне де аса мән берілген. Яғни, жаңа ғимарат ғана емес, мектеп партасында отырған әр баланың алаңсыз бiлiм алуы үшін жасалған үлкен бастама деуге болады. Еліміздің келешегі – жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы жолында осындай игі бастамалардың көбеюi көңіл қуантады», – деді ауыл тұрғындарын құттықтаған халық қалаулысы Мұрат Әбенов.

Іс-шара барысында құрылыс жұмыстарына ат салысқан азаматтар мен сала мамандары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: Аманат партиясы
03 ақпан 2025 ж. 82 0