Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгереді?

Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгереді?

Көктемнің екінші айында қазақстандықтардың өмірін өзгертетін біршама жаңашылдық күшіне енеді.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек

1 сәуірден бастап тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек жаңа критерий бойынша төленеді. Әлеуметтік көмек мөлшері 20 789 теңгеге дейін (55 доллар) көтерілді.
Тағы оқыңыз: Әр балаға – 21 мың теңге: министрлік жұртты мазалаған 10 сұраққа жауап берді
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін тұрмысы төмен отбасылар тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінуі керек. Ауылдық елді мекенде тұратындар ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне барады.
Жаңа ереже бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе әкімге жеке куәлікпен ғана барып, көмек алу туралы өтініш жазсаңыз жеткілікті.

Такси жүргізуші чек беруге міндеттеледі

1 сәуірден бастап ресми такси қызметінің жүргізушісінен чек талап етуіңізге болады. Көктемнің екінші айынан бастап олар жолаушыларға фискальды чек беруге міндеттеледі.
Бұл талап қаржы министрінің "Салық төлеушілер Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асырғанда, ақшалай есеп айырысу кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатқа сәйкес енгізіліп отыр.

Дизель отынын шығаруға болмайды

Сәуірдің алғашқы аптасының соңында Қазақстан аумағынан автокөлікпен дизель отынын шығаруға тыйым салу туралы бұйрық күшіне енеді. Дизель отынын сыртқа шығаруға жарты жыл уақытқа тыйым салынды.
"Дизель отынын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы" бірлескен бұйрыққа энергетика, қаржы министрлері және ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қол қойып, ұлттық экономика министрлігімен келісілген еді.
Бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

Күрделі жөндеуге байланысты Қашағанда мұнай өндіру сәуірден мамыр айына дейін уақытша тоқтатылады.

2019 жылы НКОК (North Caspian Operating Company) нормативтік талаптарға сәйкес Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнының D теңіз кешені мен Болашақ жерүсті кешенінде күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр.
Жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары 45 күн бойы жүргізіледі.

Жанама салықтар жөніндегі декларацияны алып тастау

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, сәуірден бастап "Кеден одағы аясында тауарлар экспорты (импорты) кезінде салық формаларын қабылдау" мемлекеттік қызметтерін оңтайландыру бойынша жол картасы енгізіледі.
Жол картасы аясында "Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация" (320.00 формасы) алынып тасталды.
Тиісті өзгертулер, сондай-ақ, салық төлеушілерге арналған СЕӨЖ (салық есептілігін өңдеу жүйесі) клиент қосымшасы мен салық төлеушінің кабинетіне енгізіліп отыр.

Қызылшаға қарсы вакцинация

1 сәуірден бастап қазақстандықтарға қызылшаға қарсы екпе салынады.
Вакцина алатындардың қатарында тоғыз айлық сәбилер, бұрын егілмеген және тек бір екпе алғандар, сондай-ақ, медициналық қызметкерлер бар.
sputniknews.kz
31 наурыз 2019 ж. 1 171 0