Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділ сайлау – азаматтардың таңдауы

Әділ сайлау – азаматтардың таңдауы

Әлем елдерінде мемлекет үшін маңызды мәселелер халықтың тікелей қатысуымен шешіледі. Азаматтардың өз таңдауына сүйеніп шешім қабылдауы қоғамда демократиялық құндылықтарды дамытады. Бұл өз кезегінде сайлау институтының жаңғыруына жаңа леп әкелді.
Осыдан 20 жыл бұрын Венгрияда сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында ақпан айының бірінші бейсенбісін Дүниежүзілік сайлау күні ретінде бекіту туралы бастама көтеріледі. Атаулы күннің мәні мен маңызы айқындалған жиында бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады.
Содан бергі уақытта әлем елдері, оның ішінде Қазақстан сайлау жүйесіндегі бұл елеулі күнге маңызды басқосулар мен түрлі кездесулер өткізу арқылы маңыз беріп қарайды. Себебі елімізде саяси жаңғыруға жетелейтін түрлі реформалар ашық сайлау өткізуден бастау алады. Соңғы жылдардағы сайлау жүйесіндегі өрелі өзгерістер соның айқын дәлелі.
Ел Президенті Парламенттің құзыретін кеңейтіп, депутаттардың пәрменін күшейту тетігін тікелей сайлау өткізу арқылы шешуге болатынын жеткізді. Нәтижесінде, 2023 жыл ел тарихында Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауын өткізумен есте қалды. Бұл үрдіс кент және ауыл әкімдерінің сайлауында да сәтті жүзеге асуда.
Талдауларға сүйенсек, депутат, әкім болуға ниетті азаматтардың арасында өзін-өзі ұсыну жолын таңдаған азаматтардың қатары артқанын көруге болады. Мәселен, 2021 жылы кент және ауылдық округ әкімдері сайлауында кандидаттардың 87,2 пайызы партиядан ұсынылып, 12,7 пайызы өзін-өзі ұсынса, 2024 жылы партиямен ұсынылған кандидаттардың үлесі 36,3 пайызды көрсетті. Керісінше, өзін-өзі ұсыну деңгейі 63,6 пайызға көтерілді.
Өзін-өзі ұсыну тетігінің енгізілуі азаматтардың саяси процеске қатысу қолжетімділігін едәуір кеңейтті және азаматтық көзқарасы қалыптасқан адамдардың сайлауға қатысуына жол ашып, саяси бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік берді.
Өткен жыл ел үшін маңызды шешім қабылдайтын АЭС салу мәселелеріне байланысты референдум өткізілді. Оған Қызылорда өңірінің қатысу деңгейі жоғары болды.
Ал 25 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қызылорда облысынан шығып қалған депутатының орнына сайлау өтті. Нәтижесімен Наурызбай Байқадамов Сенат депутаты болып сайланды.
Биылдан бастап аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайлау жүйесі арқылы, яғни халық таңдауы арқылы қызметке келеді. Демек, өкілеттілік мерзімі аяқталуына қарай, ротация мерзімі жеткенде біртіндеп өткізіледі.
Бұған дейінгі Қызылорда өңіріндегі пилоттық негізде Сырдария және Шиелі аудандарында өткен сайлау науқандарының нәтижелері ауыл тұрғындарының саяси процеске асқан жауапкершілікпен қатысқанын тағы бір дәлелдеді.
Соңғы 4 жылда барлық 146 кент және ауыл әкімдерінің 137-сі тікелей сайлаумен әкім қызметіне кірісті. Биыл қалған 9 әкімнің сайлауы ұйымдастырылады. Осылайша 2025 жылдың І жартыжылдығында Қызылорда облысындағы әкімдердің барлығы тікелей сайлау жүйесімен сайланады.
Сайлау – халық пен сайланған азаматтың өзара жауапкершілігін тереңдетеді. Тұрғындар кандидатқа сенім білдіріп, дауыс беріп таңдау жасаса, оған 4 жыл елге қызмет етуге мүмкіндік беріледі. Дегенмен, халық сенімінен шыға алмай қалған азаматтар тұрғындардың қол жинауы арқылы сайлаушылардың сенімсіздігіне ие болса жаңадан сайлау өткізуге құқығы бар.
Жыл ішінде шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауын, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымдастырамыз. 2025 жылы сырбойылықтар 48 ауылдық округ әкімінің сайлауына қатысып, таңдау жасай алады.
Сайлау –демократияның өлшемі!
Сайлау – ел үшін маңызды кезеңде азаматтардың үнқосуы.
Бұл ретте әрбір комиссия мүшесі Сайлау туралы Конституциялық заңның орындалуына қызмет етіп, сайлаушылардың құқығын қамтамасыз етуге міндетті. Себебі біздің басты құндылығымыз – әділдік. Басты қағидамыз – ашықтық, инклюзивтік, алқалылық. Басты миссиямыз – халық сеніміне ие болу.
Әділбек Ерсұлтанов,
Қызылорда облысының аумақтық сайлау
комиссиясының төрағасы
 
06 ақпан 2025 ж. 25 0