Мемлекеттік қызметтегі заң талаптарының сақталуы талқыланды

Отырысқа аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Ж. Қаратаев, аудан прокурорының орынбасары Р. Нұрлыбаев, қала әкімінің және дербес бөлім басшыларының орынбасарлары, аудан әкімдігіне қарасты мекемелердің мемлекеттік қызметшілері қатысты. Сонымен бірге, ауыл әкімдері «Zoom» онлайн платформасы арқылы қосылды.
Аудан прокурорының орынбасары Р. Нұрлыбаев мемлекеттік қызметшілерге заңмен ойын бизнесіне қатысуына тыйым салынғанын айтып, құмар ойындарға бәс тігудің салдарына тоқталды және заң талаптарын сақтау жөнінде кеңінен түсіндірді.
Өз кезегінде аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ж. Қуатов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қолданысқа енгізілген заңнамалық өзгерістер жөнінде тоқталып, заңдарда айқындалған талаптарды сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау қажеттігін айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің бас маманы тарапынан «Е-қызмет» ақпараттық жүйесімен жұмыс жасау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қатысушыларға жүйенің тиімділігі, мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді автоматтандырудың артықшылықтары және оны дұрыс пайдалану жолдары түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушылар көтерілген мәселелер аясында пікір алмасып мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын сақтауы, әдеп нормаларын бұзбауы сынды ұсыныстарын ортаға салды.


Фото: Арал ауданы әкімдігі