Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдану жөнінде полиция қызметкерлеріне семинар өткізілді

Сот төрағасы Р.Алдамбергеновпен және судья Б.Керуенбаевпен өткізілген шараға аудандық полиция бөлімінің басшы құрамы мен қызметкерлері қатысты.

Семинар-кеңесте сот төрағасы Р.Алдамбергенов әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің дұрыс және заңда көзделген мерзімде қаралуы құқық бұзушылық туралы толтырылған хаттаманың сапасына тікелей байланысты екенін, алайда кейбір істер бойынша хаттамалардың дұрыс толтырылмайтыны, істердің дұрыс ресімделмейтін фактілері кездесіп жататыны, осыған орай хаттамаларды және істің басқа да материалдарын әзірлеудің негізгі тұстарын талқылау мақсатында семинар-кеңес өткізіліп отырғанын айтып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама талаптарына тоқталды.
Судья Б.Керуенбаев әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың негізгі принциптерін мүлтіксіз сақтау жөнінде айта келе, құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыруда және іс материалдарын рәсімдеуде жиі жол берілетін кемшіліктерге тоқталды. Осы тұста, соттың жекеше қаулыларында көрініс тапқан кемшіліктер ортаға салынды.
Бұдан кейін семинар-кеңеске қатысушылармен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтыру сапасын көтеру, құқық бұзушылық дәлелдемелерінің толықтығын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, шара барысында сот төрағасы мемлекеттік тілдің рөлі мен маңыздылығына тоқталып, тергеу амалдарын жүргізу мен құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтыру кезінде «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заң талаптарының сақталуын, сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен сақтандыру оқиғасын ресімдеу тәртібі Еурохаттама рәсімі жайында ақпараттандыру мен оны кеңінен қолдануға бағытталған шараларды жүргізуге шақырды .
Семинар-кеңеске қатысушылар осы шараның өзектілігін, сондай-ақ осы кездесу әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдануда туындайтын көптеген мәселелерді шешуге оң ықпал бергенін атап өтті.
Арал аудандық соты.