Агроөндіріс: Сырдың өнімі шетелге де шығады

Журналистер алдымен Қызылорда қаласындағы «Мағжан және К» ЖШС күріш ақтау және тұз өндіру зауыттарының жұмысын көрді. Күріш ақтау зауыты 2020 жылы іске қосылған. Онда заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтар өнім шығарады. Зауыт автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады.
– Тұтынушылар талғамына сай өнім 5 және 25 келілік қаптарға салынады. Өндірілген өнімнің 40 пайызы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа шығарылады. Олардың арасында Әзербайжан, Моңғолия, Түркіменстан, Украина секілді мемлекеттер бар. Сондай-ақ, былтыр АҚШ-қа сынақ ретінде алғашқы өнім жеткізілді. Жылына 20 мың тонна күріш ақталады, – деді серіктестіктің бас директоры Сағидолла Сыздықов.
Облыста «Жан-Арай» ЖШС күріш, құрама жем өндіру, жеміс, көкөніс өңдеу және сақтаумен айналысады. Мұнда қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіретін және тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын екі зауыт бар. Өнім еліміздің барлық аймағында сатылады, оған қоса Түркия, Ирак, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және өзге де алыс-жақын шетелге экспортқа шығады. Серіктестікте сыйымдылығы 4000 тонна болатын көкөніс қоймасы бар. Бұл маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жан-Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Мұрат Айменовтің айтуынша, зауыттың өндірістік аймағы 10 гектарды құрайды. Неміс технологиясымен жабдықталған құрама жем зауытында тәулігіне 80 тонна өнім шығарса, оңтүстіккореялық технология бойынша күріш зауытының қуаттылығы 120 тоннаны құрайды. Күріш өнімдері еліміздің ішкі нарығынан өзге шетелге де шығарылады. Серіктестікте барлығы 150 адам еңбек етеді. Олардың жалақысы 180-300 мың теңге аралығында. Өткен жылдың қыркүйек айында көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді.
2020 жылы жұмысын бастаған «Казагромир» ЖШС-не қарасты жылыжайдың аумағы – 2 гектар. Қалаға іргелес орналасқан жылыжайдан жылына 700-750 тонна аралығында қияр жиналады.
– Ішкі нарықтан бөлек Түркістан, Шымкент, Алматы, Астана қалаларына жеткізіледі. Мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған. Болашақта өндірісті кеңейтіп, қызанақ, болгар бұрышы және өзге де көкөніс түрлерін өсірсек деген жоспарымыз бар, – дейді жылыжай бригадирі Ерлан Орынбаев.
Келесі кезекте баспасөз туры Сырдария ауданының «Бесарық» ауылындағы «Абай-Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда жалғасты. Онда тұрғындардың 13 бизнес-инкубаторы жұмыс жасайды. Мұнда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдары, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта озық тәжірибені кеңінен тарату көзделіп отыр. Бұл үшін облыстың әр ауданындағы ауылдарда осындай бизнес-инкубатор ашу жұмыстары жүргізілуде.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері одан әрі Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. «Honeymood» нан-тоқаш және кондитерлік цехы тұтынушы талғамына сай өнімдер шығарып жатыр. Бұл өнімдер Шиелі ауданының брендіне айнала бастады. Оның негізін қалаушы Жансая Имантаева 2019 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша өндірісті іске қосқан. Ал 2023 жылы істі кеңейту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 7 млн теңге несие алды. Қазір кондитерлік цех тәулігіне 300 келі өнім шығарады. Онда 12 адаммен еңбек етеді.
Белгілі кәсіпкер Патима Маханбет басқаратын шұжық цехының негізі 2005 жылы қаланған. Кәсіпорын 2020 жылы «Байқоңыр» ӘКК-дан осы жобаға 32 млн теңге несие алды. Қазір цехта еңбек ететін 12 адам тәулігіне 600-700 келі өнім шығарады. Сол өнім Шиелі, Жаңақорған аудандарымен бірге Алматы қаласына да жеткізіледі. Кәсіпкер өзіне қарасты мал бордақылау және мал сою пунктін пайдаланады. Цех ресейлік технологиямен жабдықталған.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында қызанақ пастасын шығаратын цехтың өнімдері де сұранысқа ие. Жеке кәсіпкер Қанат Мұсаев басқаратын «Барлыбай және K» өндірістік кооперативі негізінен егін және көкөніс-бақша дақылдарын өсірумен айналысады.
– Жазда өнім мол жиналады. Дегенмен ұзақ жылдар бойы оны өңдеу ісіне қол жеткізе алмай келдік. Дүкен сөрелерінде өзге жақтан келген өнімдер толып тұр. Ойлана келе жаңа жобаны қолға алуды мақсат тұттық. Бұл үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы төмендетілген пайызбен 27,6 млн теңге несиеге қол жетті. Жалпы цехтың жобалық құны – 48 млн теңге. Қазір оннан астам өнім түрін шығарамыз. Олардың арасында томат пастасы, аджика, салат, қарбыз, қауын балы бар. Астана, Қарағанды, Алматыға дейін дайын өнім өткіземіз. Былтыр 100 мың дана шығардық. Өзіміз еккен қызанақ, қауын-қарбызды пайдаланамыз. Оған қоса тәтті-ащы бұрыштан консерві дайындалады. Маусымаралық кезеңде 10 адам еңбек етеді. Болашақта өнім түрлерін 20-ға жеткізіп, сусын түрлерін де шығару жоспарлануда, – дейді Қанат Мұсаев.
Ал «Тұрлыбаев Досжан» жеке кәсіпкерлігіне қарасты күріш ақтау зауыты өткен жылы іске қосылған. Қазір онда еңбек ететін 15 адам тәулігіне 150 тонна өнім шығарып отыр. Зауытта күріштің «Лидер», «Камолина», «Маржан» сорттары бар. Одан бөлек, мал азығы өңделіп, Қазақстанның ішкі нарығына жіберілуде.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
Фото: syrboyi.kz