Елбасы отбасымен бірге Шымкентте тұрады
Уақытым аз, сұрағыңды жылдам қоймасаң, жұмыс көп, қауырт, адам да, техника да қаптап, еңбек қызып жатыр, – деді ол бізге ең алғаш хабарласқанымызда.
Шымкенттің 66 жастағы тұрғыны Елбасы Қалиев қаладағы “Тассай” индустрия аймағында салынып біткен трансформатор зауыты маңында жұмыс істеп жүр. Бірегей инновациялық зауыт 2018 жылдың соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен болған жалпыұлттық телекөпір барысында ашылған еді. Қазір өнеркәсіп орны аумағын жұмысшылар көріктендіріп, көгалдандырып жатыр.
Елбасы Қалиев – құрылыс инженері, Шымкенттегі талай құрылыста, зауытта істеген тәжірибесі мол. Қазір зейнетте, бірақ трансформатор зауытына тиісті инфрақұрылым салуға қатысамын деп шешкен. Мұндағы мақсаты – табыс тауып, инсультке ұшыраған ұлына көмектесу. Бірақ бұл жөнінде айтқысы келмейді, мойымауға тырысады.
2010 жылғы 15 маусымда ҚР Конституциялық заңымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесі берілді. Бірақ дәл бұл кезеңде – 2010-2011 жылдары сәбилерге Елбасы есімі қойылмапты. Сәбилер Елбасы деген атты 1992-2007 жылдары жиі иеленген, 2000-2001 жылдары бірден алты балаға Елбасы деген есім берілген.
Елбасы Қалиев – құрылыс инженері, Шымкенттегі талай құрылыста, зауытта істеген тәжірибесі мол. Қазір зейнетте, бірақ трансформатор зауытына тиісті инфрақұрылым салуға қатысамын деп шешкен. Мұндағы мақсаты – табыс тауып, инсультке ұшыраған ұлына көмектесу. Бірақ бұл жөнінде айтқысы келмейді, мойымауға тырысады.
Мына құрылыста әртүрлі жұмысты істеп жүрмін, бетонды жар десе, жарамыз, құбыр жүргіз десе, жүргіземіз, мотор оталдырамыз, шұңқыр қаз десе, қазамыз. Жауынгер сияқты жұмыс істеп жатырмыз, күніне сегіз сағаттан асып кетеді. Жұмыс бар ма, күн демей, түн демей, істей беремін. Алдыма қойған кез келген міндетті жақсылап ойланып, тап-тұйнақтай орындаймын. Жұмысты тиянақты атқарамын. Жеті рет өлшеп, бір рет кесемін. Бұл қасиет анамнан берілген. Ол кісі сондай, өте жауапты, байыпты, тындырымды еді. Жаны сірі болатын. Көп баланы бағып-қағып, киімсіз қылмай, аш қылмай өсірді. Отбасымыздың алтын қазығы еді. Ал әкем сері кісі болды. Күйбең тірлікке көп мән бермейтін. Жақсы қасиеті де сол еді, бізге қашан да “ештеңеге уайымдама” деп жүретін, – дейді Елбасы.Елбасының ата-анасы ауыл-аймаққа сыйлы кісілер болды. Анасы Мамыркүл 11 бала өсірген батыр әйел болса, әкесі Зұлбыһар Қалиев соғыс ардагері еді. Екеуі де бірнеше жыл бұрын өмірден өтті. Елбасының Төлбасы деген ағасы, Нұржамал, Елтай, Айжамал, Айсара, Марат, Мұрат, Спартак, Аврора, Қайрат деген бауырлары бар. Атын Елбасы деп әкесінің Қалбай деген ағасы қойыпты.
Әкем мені Әлен дейтін, ал ол кісіні тәрбиелеген Қалбай атам бізді “балапандарым” дейтін. Атымды өзі қойса да, атамайтын. Кішкентай кезімізде бұл есімге мән бермедік, кейін Тұңғыш Президентіміз Елбасы атанған соң ғана бәрі бұл сөзге, атыма назар аудара бастады. Өзім де “екі ұлыма, үш қызыма, әйеліме Елбасымын” деп жүремін, – деді Елбасы.Елбасы зайыбы Толғанаймен бірге екі ұл, үш қыз өсіріп, олардан 10 немере сүйіп отыр. Кезінде үйдің жалғыз қызы болған Толғанай апай 80-жылдары Елбасының көпбалалы отбасына қалай қосылғанын айтып берді.
Жолдасым – тірлігіне адал, еңбекқор адам. Ең бірінші танысқан кезде “Елбасы деген де ат болады екен ғой” таңғалғанмын. Кейін жеңгесі бұл есімнің мағынасын түсіндіріп берді. Ағасына баланың басы болсын деп Төлбасы, бұған елдің басы болсын деп Елбасы аты қойылған екен. Мен үйде бір ұл, бір қыз болып өскен едім. Көпбалалы отбасыға келін болып түстім, маған бәрі таңсық болды. Дегенмен ата-енем жайлы кісілер болды. Маған келін деп қарамады, қызындай көрді. Майдангер атамыз жұрт келіндеріне сәлем салдырып жатса, ол маған оны жасатпайтын. “Қазіргі коммунизм заманында не пәле ол” деп, сәлем салу салтын ерсі көріп отыратын. Қайын атам еркелетіп өсірді. Кейде атамның сондай бір қамқорлығы есіме түсіп кетсе, жылап аламын. Марқұм енем де бауырмал еді, тұңғыш рет көп адамға тамақ әзірлеп жүрген мені көріп, “келіннің қарны ашып қалар” деп, орнынан тұра салып, 2-3 жұмыртқаны жарып жіберіп, пісіріп әкеліп беретін. Қазір ол кісілер болмаса да, қайындарыммен сыйластықта күн кешіп жатырмыз, – дейді Толғанай Қалиева.Қазір Толғанай апаның немерелерінің фамилиясы – Елбасы. Зейнеткер оны жақсылықтың нышаны көріп, мақтаныш қылады.
Немерелеріміз балабақшаға, мектепке барғанда тәрбиешілері мен мұғалімдері таңданып жатады. “Фамилиялары ерекше ғой” дейді. Мұғалімдер “Елбасының немерелері” деп мақтап жатады. Балаларымның оқуға ынтасы ерекше болды, немерелерім де солай. Соған қуаныштымын, солардың болашағы үшін елімнің амандығын қалаймын. “Көпке жақсы тілек тілесең, сен де сол жақсылыққа ие боласың” дейді үлкендер. Халқымыз аман, бақытты болсын, – дейді Елбасының зайыбы.
baribar.kz