Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмысшы мамандықтарын даярлайтын жетекші білім ордасы

Жұмысшы мамандықтарын даярлайтын жетекші білім ордасы

2025 жылдың "Жұмысшы мамандықтар жылы" болып жариялануына байланысты, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі техникалық және кәсіптік білім беру сапасын жетілдіру бағытында белсенді жұмыс істеуде. Колледж ірі өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың талаптарына сәйкес мамандар даярлауға басымдық беруде. Сонымен қатар, дуальды оқыту жүйесін дамыту арқылы түлектердің тәжірибелік дағдыларын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Мағрипа Айтенова мәлімдеді.

- 95 жылдық тарихы бар И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі өңірдегі жетекші оқу орындарының бірі. Колледж бүгінгі таңда 34 мамандық және 35 біліктілік бойынша орта буын техникалық мамандарын даярлап, ел экономикасының сұранысына сай кадрлар дайындауда. Ел Үкіметінің 2024 жылдың 30-желтоқсанындағы қаулысына сәйкес, колледж арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соның аясында оқу орны ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, олардың біліктілік талаптарына сәйкес мамандарды даярлау ісін жетілдіруде. Қазіргі уақытта колледж Қызылорда облысына инвестиция салған Германияның Seven Rivers компаниясымен әріптестік орнатып, өңірде шыны зауытын салу жобасына қажетті техникалық мамандарды даярлау үшін арнайы білім бағдарламасын әзірлеуде. Бұл аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар, колледжде халықаралық тәжірибе алмасу ісі белсенді жүргізілуде. 2024 жылдың желтоқсан айында оқу орны АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан NSSER біліктілікті бағалау орталығының халықаралық аккредитациясынан сәтті өтті. Осы аккредитация аясында колледждің 11 білім алушысы "Электрмонтаждаушы" құзіреттілігі бойынша халықаралық сертификатқа ие болды. Бұл олардың әлемнің 70-тен астам елінде өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осылайша, И.Әбдікәрімов атындағы колледж аймақтық ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды оқу орны екенін дәлелдеп келеді,-деді Мағрипа Махмутқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

28 ақпан 2025 ж. 80 0