Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ РЕКОРДСМЕНІ: IELTS – 8.0

БІЛІМ РЕКОРДСМЕНІ: IELTS – 8.0

Қаладағы №220 мектептің 11-сынып оқушысы небәрі 20 күндік дайындықпен халықаралық IELTS емтиханынан жоғары нәтиже көрсетті.
Еркеназ Мәдиқызы ағылшын тіліне қызығушылығының арқасында еркін түрде фильмдер көріп, кітаптар оқып, бұл тілді күнделікті өмірде жиі қолданған. 9-10-сыныптарда ағылшын тілі мұғалімі Айнұр Уксикбаеваның қолдауымен пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар иеленіп, өзінің тілдік қабілетін шыңдаған ол халықаралық IELTS емтиханынан 8.0 балдық көркеткіш ұпай жинады.
Айта кетейік, IELTS – әлемдегі ең танымал ағылшын тілі емтиханының бірі. Ол тыңдау, оқу, жазу және сөйлеу құрылымы бойынша 4 бөлімнен тұрады. Әр бөлім тілді әр қырынан сынап, үміткердің коммуникативтік дағдыларын бағалайды. IELTS емтиханының нәтижесі 0-ден 9-ға дейінгі балдық жүйемен есептеледі. Әдетте, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер 6.0–7.5 аралығындағы балды талап етеді, ал үздік университеттерге түсу үшін 8.0–9.0 балл қажет.
– Емтиханның форматын түсініп, арнайы дайындық қажет екенін білдім. Сондықтан Кембридж университетінің арнайы оқу материалдарын пайдаланып, тест құрылымымен таныстым. Дайындыққа жалпы екі аптаға жетер-жетпес уақыт кетті. Емтихан күні өзімді сенімді ұстадым, оны жай ғана ағылшын тілінен тест деп қабылдадым.
Емтиханды Қызылорда қаласынан тапсырдым, нәтижесін Аралға келген соң білдім. 8.0 ұпайға сене алмадым, қатты таңғалдым. Оның үстіне дәл сол күні туған күнім еді. Сондықтан жетістігім өзіме ерекше сыйлық болды, – деп бөлісті ол.
Бұл тест жыл сайын миллиондаған адамның шет тілінде білім алуға, мансап құруға және әлемнің түкпір-түкпірінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектеседі. Қызығушылықпен алдағы жоспарлары туралы сұрағымызға:
– Қазіргі басты мақсатым – ҰБТ-ны сәтті тапсырып, «Екі шет тілі» мамандығын оқу. IELTS нәтижемді естігеннен кейін шетелдік ЖОО-ларға тапсырып көруге кеңес бергендер көп болды. Бұл туралы әлі де ойланып жүрмін,  – деді жас түлек.
Ескеретін жайт, IELTS емтиханы шет тілі пәндеріне ҰБТ кезінде көмектесе алады. Яғни тесттен 6.0 ұпай жинаған оқушыға автоматты түрде максималды балл есептеледі.
Еркеназдың бұл жетістігі – талпынысы мен сенімділіктің, ең бастысы, білімге құштарлықтың арқасы. Ол мақсатына ұмтылған әрбір жасты қанаттандыратын мысал болатынына сенеміз.
Г.САҚТАПОВА
01 наурыз 2025 ж. 48 0