Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурызнама онкүндігі: Ұлттық киім төрге озған күні

Наурызнама онкүндігі: Ұлттық киім төрге озған күні

Бүгіні ертеңіне ұқсамайтын Наурыз мерекесін тойлаудың онкүндігі Арал ауданында жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бүгін, 18 наурыз – Ұлттық киім күні аты айтып тұрғандай ұлттық мәдениеттің, дәстүрдің және киім үлгілерінің маңыздылығын атап өтетін күн. Бұл күннің мақсаты – халықтық киімдер мен ұлттық стильдердің бай мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа жеткізу. Осы бағыттағы іс-шаралар ауданда жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Ұлттық киім күніне орай «Ұлттық киім – ұлттың байлығы» атты ұлттық, сәнді киімдер көрсетіліміне орай мерекелік концерт өтті. Ұлттық киімдеріміздің көптүрлілігі мен ерекшелігін көрсету мақсатындағы сән шеруі дефиле шоу мен киімдер көрсетіліміне ұласты.

Шара барысында мерекеге орай концерттік бағдарлама, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін «Біз шаншар», «Ұрын бару», «Аушадияр» сынды театрандырылған қойылымдар да сахналанды.
Көңілді мерекелік атмосфера «Садақ ату», «Тоғызқұмалақ» ойындарымен жалғасын тапты. Сонымен қатар кондитерлік және тұрмыстық тұтыну өнімдерінің көрмесі, дефиле шоуы мен ұлттық киімдер көрмесі жиылған халықтың назарын өзіне аудартты. Бұл күні халқымыздың әдебиет, мәдениетке ғана емес қолөнер бұйымдарына да бай көрме тамашалаушыларға терең түсінік берді.

Бүгінгі ұлттық киім күні тек сән әлемінде ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетімізде, салт-дәстүрлерімізді сақтауда және оны болашақ ұрпаққа жеткізуде маңызы зор болды деуге болады.

Халқымыздың мәдени тұрмыс-салтын жаңғырту бағытындағы наурызнама онкүндігі ертең «Жаңару күнімен» жалғасады. Түске дейін түрлі танымдық шаралар шымылдық түріп, кешкілік Аққұм, Атанши және Қарақұм ауылдық округтеріндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйінің қызметкерлерінің қатысуымен «Әз-Наурыз – қош келдің» атты мерекелік концертіне ұласады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі

19 наурыз 2025 ж. 29 0