Наурыз мерекесі наурызнама онкүндігі бойынша тойланады

Мемлекет басшысымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осы ретте, мерекені жаңа тұжырымдамаға сәйкес атап өту мақсатында дайындық шаралары басталды. Тұжырымдама бойынша мерекені тойлаудың жаңа дәстүрі қалыптастырылып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14 наурыз бен 23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланып, оның әрбір күні белгілі бір тақырыпқа арналады.
Халқымыздың қасиетті әрі ұлық мерекесін лайықты деңгейде тойлауға бағытталған іс-шаралар жоспары бойынша аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев хабарлама жасап, қолға алынуы тиіс шараларға жан-жақты тоқталып өтті.
Айталық биылғы мерекеде 14 наурыз – Көрісу күні, 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Жыл бастау күні, 22 наурыз – Жыл басы күні, 23 наурыз – Тазару күні болып белгіленді. Осы күндер аралғыныда ауданда болатын түрлі деңгейдегі іс-шаралар легі әр күні өтіп, мерекенің мәні айшықтала түспек. Наурыз мерекесі бұдан былай да осы бағытта тойланатын болады.
Аудан әкімі Ұлыстың Ұлы күнін тойлау жан-жақты ойластырылған шешім екенін айтып, мереке аясындағы көпшіліктің қатысуымен өтетін барлық шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керектігін жеткізді. Оған дайындық жұмыстарына қазірден бастап кірісіп, ортақ мүддеге ниеттес азаматтарды ауызбіршілікпен жұмыс істеуге шақырды.
Дайындық мәселесіндегі кейбір кемшіліктер бойынша жұмысты күшейту керектігін жауаптыларға міндеттеді.
Бұдан бөлек алдағы міндеттерге қысқаша тоқталып, түрлі салалар бойынша жұмысты жандандыру керектігін нақтылады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі