Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысына қанықты

Аудан әкімі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысына қанықты

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысып шықты.
Алдымен ауданда жаңадан құрылып, жұмысын бастаған «Арал тазалығы» ШЖҚ КММ-сіне барып, ғимараттың жай-күйімен танысты. Сәуір айынан жұмысын бастаған тазалық мекемесі негізі абаттандыру және көгалдандыру бағытында қаланың көркеюіне атсалысады. Сонымен қатар Сексеуіл кентіндегі 16 мемлекеттік және кәсіптік нысан қосылған кәріз жүйесінің қалыпты жұмысына жауапты. Қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жанынан құрылған мекемеде 18 жұмысшы 4 техника бар. Мекеме басшысының айтуынша қала аумағында тұрғындардың қоқыс жәшіктерін төгуге де тапсырыс қабылдай бастаған. Күн жылынысымен жұмысқа кіріскен «Арал тазалығы» КММ бүгінгі күнге дейін қаланың жасыл белдеу аймағына 1300-дің үстінде жас көшеттер отырғызған. Алдағы уақытта 500 түп тал егуді жоспарлап отыр.
Аудан әкімі қала тазалығына жауапты жаңа мекеме басшысының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, ғимарат аумағын ретке келтіріп, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Мұнан соң М.Дулатов көшесіне жүргізіліп жатқан асфальттау жұмысының жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды жергілікті «Арал құрылысы» ЖШС мердігер мекемесі қолға алған. Мекеме басшысы М.Құлмырзаевтың айтуынша жұмыстар әзірге мекеменің өз қаржысы есебінен қолға алынып жатыр. Өткен жылы басталған жұмыс биыл қайта жалғасын тауып, қазіргі уақытта үшінші көше асфальттануда. Кәсіпкер М.Құлмырзаев қаржының мүмкіндігіне қарай барлығы 7 көшені тақтайдай тегіс жолға айналдыруға ниетті.
Қазіргі таңда Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары басталғаны белгілі. Бұл жұмыстарды да «Арал құрылысы» ЖШС мердігер мекемесі қолға алған. 2024 жылы республикалық бюджеттен тиісті қаржысы бөлініп, құрылысқа қажетті материалдар алынды. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жол жиегінде бордюрланып, жолдың екі жақ бетіне құм төселуде.
Аудан басшысы мердігер мекеме басшысымен кездесу барысында аталған жұмыстарды сапалы әрі мерзімді уақытта аяқтауға күш салу керектігін жеткізді. Сонымен қатар басталған істі созбалаңға салып, қала көшелерінде уазақ уақыт қолайсыздықтар тудырмау керектігін атап өтті. Сондықтан барлық күшті аталған жұмыстарға жұмсап, бітер істі тиянақты түрде аяқтауды тапсырды.
Ауданда қолға алынып жатқан ауқымды құрылыс нысандарының бірі жаңадан бой көтеріп жатқан – Руханият орталығы. Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы кезекті жұмыс сапарында осы орталыққа аялдап, ғимараттың ішкі жұмыстарымен танысты. Алдағы уақытта өңірдегі руханият саласына үлес қосып келе жатқан түрлі мекемелер мен мемлекеттік емес ұйымдардың басын біріктіретін бұл ғимаратта ішкі әрлеу-сырлау жұмыстары жүруде. Бас мердігер «Иман» ЖШС өз жауапкершілігіне алған жобаның жалпы құны 1 798 851,0 мың теңгені құрайды. Ғимарат мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аудан әкімі құрылысқа жауапты мердігер мекеме өкілдерімен жүздесіп, еңселі ғимаратты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Ел күтіп жүрген ең ауқымды жұмыс – аспалы көпірдің де аяқталар күні алыс емес. Құны 2 млрд 887 млн. теңге болатын ауқымды жоба мамыр айында толық аяқталады деп күтілуде. Көпірдің 42-лік және 24-тік балкілері қойылып, тіреуіш жардың іргетасына бетон құйылып, құммен көтеру жұмыстары, тіректің жаны көтеріліп, жобада қарастырылған тенсар (георешетка) материалдарымен күшейтіліп, кірпіштері (блок) қаланып, екі жақ бетіне қиыршық тас жайылып, асфальт жабындысын төсеу жұмыстарына әзірлік жүргізілуде. Бұл жұмыстарға куә болған аудан басшысы А.Оңғарбаев жоспарлы қаржысы нақтыланған ауқымды нысан болмашы себептерге бола бір сәтке болсын тоқтап қалмау керектігін айтты.
Жұмысшы топ өкілдеріне уақытпен санаспай еңбек етуді тапсырған Аманжол Сақыпұлы ағайынның игілігіне жарар ауқымды жоба алдағы айларда толықтай пайдалануға берілетінін жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
12 сәуір 2025 ж. 40 0