Ауданда санитарлық штабтың отырысы өтті

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы болып Арал қаласының әкімі Амантай Тасқынбаев сөз алып, қала бойынша санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары туралы кеңінен баяндап өтті. Белгілі болғандай, биылғы жылдың бес айында 4202,8 м³қатқыл лас-қоқыс шығарылып, ерте көктемде аудандық аурухананың ауласына, Абай көшесінің бойына және қала ішілік саябақтарға 1500 түп ағаш көшеттері отырғызылған.
Сонымен қатар биылғы жылы қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге 53 млн теңге қаржы бөлініп, аталған қаржыға мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылып, нәтижесінде «Қуанышбек» ЖШС Арал қаласының санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша жеңімпаз деп танылған. Бүгінгі күні жеңімпаз мердігер арқылы тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін қала тұрғындарынан тапсырыс қабылдаумен қатар, қала аумағында жинақталған қоқыстар кесте бойынша арнайы қоқыс алаңына шығарылуда.
Одан әрі сөз тізгінін жалғаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобил жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жанқожа Құдайберген санитарлық-тазалық айларында атқарылған жұмыстар барысын баяндап өтсе, аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әміржан Өтегенов жыл басынан бері санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау бағытында атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралар турасында хабарлама жасады.
Жиын барысында аудан басшысы қала, кент және ауылдық округтер бойынша ластанған аумақтардың бірқатарын тілге тиек етіп, әсіресе кәсіпкерлік нысандар бойынша санитарлық талаптардың тиісті деңгейде жүргізілмей келе жатқанын сынға алды. Осы бағытта күнделікті бір мезгіл өздеріне қарасты аумақтарды аралап, санитарлық-тазалықтың сақталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ мобильді жұмысшы топтың құрамын қайта жасақтап, қоғамдық және өзге де орындарда, сауда орталықтарында, көшелерде жеке және заңды тұлғалар тарапынан тазалықтың сақталуына бірлескен рейдтер жүргізу бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.



