15 сәуір – махаббат пен мәдениеттің тоғысқан күні

15 сәуір – елімізде Ұлттық ғашықтар күні ретінде 2011 жылдан бастап аталып келеді. Бұл мереке – қазақ халқының ең көне әрі ең терең мазмұнды махаббат дастанының кейіпкерлері, Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға арналған. Олар – қазақ фольклорындағы ең танымал ғашықтар, махаббат пен адалдықтың символы.
Дастанның желісі бойынша, Қозы мен Баян бір-бірін бала кезден білетін, атастырылған ғашықтар еді. Алайда олардың махаббатына Баянға ғашық болған Қодар бөгет болады. Қодар өз бақыты үшін аяусыз әрекетке барып, Қозыны өлтіреді. Қайғыдан қан жұтқан Баян Қодарды алдап өлтіріп, соңында Қозының мүрдесінің жанына барып, өзіне қол жұмсайды. Осылайша екі ғашық мәңгілікке қосылады.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесі – Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласына жақын маңда орналасқан тарихи-мәдени ескерткіш. Ол XII-XIV ғасырларға жататын архитектуралық нысан ретінде, махаббаттың мәңгілік ескерткіші болып саналады.
Бұл дастан қазақ поэзиясындағы ең көне нұсқалардың бірі және ауыз әдебиетінің інжу-маржандарының қатарында. Түрлі ақын-жыршылар Қозы мен Баян хикаясын бірнеше нұсқада жырлаған. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жанақ ақын, Шөже, Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы және басқа жыршылар өз жырларында олардың сезімін айрықша сипаттаған.
Бүгінде бұл мереке жастар арасында кеңінен танылып, флешмобтар, поэтикалық кештер, әлеуметтік желілерде махаббатты дәріптейтін акциялар арқылы атап өтіледі. Бұл – махаббатты тек батыс мәдениетінен ғана емес, өз төл тарихымыз бен әдебиетімізден де тануға болатындығын көрсететін күн.
Мәдениет – ұлттың рухани өзегі
15 сәуір – сондай-ақ Халықаралық мәдениет күні ретінде әлем бойынша аталып өтеді. Бұл күннің негізі 1935 жылы қабылданған Рерих пактісіне тіреледі. Пакттің басты мақсаты – мәдени мұраларды, өнер нысандарын және ғылыми мекемелерді соғыс жағдайында да қорғау.
Қазақстанда бұл күн мәдениет қызметкерлерінің еңбегін дәріптейтін, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттайтын маңызды күндердің бірі. Кітапханалар мен музейлерде ашық есік күндері, ұлттық өнер көрмелері, шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады.
15 сәуір – бұл күн махаббат пен мәдениеттің, тарих пен руханияттың үндестігін бейнелейді. Қозы мен Баянның махаббаты – сезімнің тазалығы мен адалдығының көркем үлгісі болса, мәдениет күні – халықтың рухани байлығы мен өркениеттік келбетін танытады.
Фото: baq.kz