Облыс әкімі құрылыс нысандарын аралады

Сол жағалаудағы жаңа стадионның шығыс және батыс трибуналарының металл конструкциялары орнатылып, қабырғалары мен ішкі бөліктері, сыртқы витраждары қалануда. Жылу, су, электр, желдету желілері тартылуда. Қазіргі кезде футбол алаңын жабдықтау және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Физика-математика мектеп-интернатында ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанда техникалық жабдықтау мен аумақты абаттандыру қатар жүргізілуде. Құрылыс басында 150 жұмысшы мен 20 техника бар.
Аймақ басшысы тарихи-мәдени мұра орталығы мен музыкалық колледж ғимаратының құрылыс барысын да көрді. Оқу орнының ғимараты былтырдан бері «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен салынуда. Бас мердігер «Алтын Констракшн» ЖШС жұмысқа 142 жұмысшы, 4 техника тартқан. Қазір қасбетті әрлеу, су, газ, кәріз жүйелері және электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын.



