Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада ауыл тұрғыны бос құтыдан үй салып алды

Қызылордада ауыл тұрғыны бос құтыдан үй салып алды

Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Зәріп Мысабеков бос құтыдан үй салып алды, - деп хабарлайды syrboyi.kz сайты Qyzylorda телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна тілшісі Тәжімұрат Әлжанов хабарлағандай, босаған шөлмекті құрылысқа пайдалануға болатынын Зәріп Мысабеков Белорусияда әскерде жүрген кезде біліпті. Енді міне, алпысты алқымдаған шағында осы тәсілмен алдымен монша, одан соң баспана салып алды. Моншаны тұрғызуға 7 мың шөлмек пайдаланған. Ауыл тұрғындары қазір мұнда кезекке тұрып, моншаға түседі.
Ауылдастарының қолпаштауымен жергілікті тұрғын үш бөлмелі үй салып алды. 40 мың дана бөтелкеден тұрғызылған үйдің ұзындығы – 12, ені – 8 метр. Артықшылығы, бір температураны сақтайды. Қыста үйдің іші жылы, жазда салқын болады. Ерекше үйдің тек іші сыланады. Ал сыртқы қабатында шынылар көрініп тұр. Үй әдемі көріну үшін шебер түрлі кескін жасаған. Жылда жөндеу жүргізіп әуре болмайды. Тек шынының шаңын сүртіп тұрса болғаны.
Зәріп Мысабеков енді жылыжай мен дүкен салуды мақсат етіп отыр. Қазір босаған шөлмекті жинауды бастап кетті. Бір қуантарлығы, Зәріп ақсақалдың арқасында ауыл да тазарып қалды, шашылып жатқан шөлмек жоқтың қасы.
syrboyi.kz
09 сәуір 2019 ж. 986 0