Аудан әкімі Жіңішкеқұмда тұрғындармен кездесті
Алдымен Тоқабай ауылындағы демеушілік есебінен қайта салынып жатқан мектеп ғимаратының қосымша ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Мектеп ғимаратының негізгі А блогы өткен оқу жылының басында пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда қалған екі блоктың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ғимараттың қабырғалары толық тұрғызылып, төбесі жабылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүруде.
Аудан басшысы ғимаратты аралап көріп, жұмысты қарқынды жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және құрылыстың сапасына айрықша мән беруді тапсырды. Қосымша ғимараттар жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мұнан соң аудан орталығынан шалғай орналасқан Жіңішкеқұм ауылына барып, мектеп ғимаратында ауыл тұрғындарымен жүздесті. Ең алдымен өткен жыл көлемінде ауданда атқарылған жұмыстардың негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, қолға алынған бастамалар төңірегінде сөз сабақтады.
Кездесуде елге ортақ мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған өзекті деген мәселелерді ортаға салды. Қатарында жол, медициналық бекет және балалар ойын алаңын салу сынды мәселелер бар. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің ауыл тұрғындары үшін өзекті екенін айтып, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасайтындығын жеткізді.
Мұнан соң ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене араласып, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан бір топ ауыл тұрғындарын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Қазіргі таңда ауыл игілігі үшін «FREEDOM ШАПАҒАТ» корпоративтік қоры арқылы тапсырыс негізінде біршама жұмыстар атқарылуда.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ең алдымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мектеп ауласына ауыл тұрғындарымен және мектеп оқушыларымен бірге тал егу жұмыстарына қатысты. Алдағы уақытта бұл маңға «Ар-Ай KZ» ЖШС мердігер мекемесі 400-дей қара тал және үйеңкі, 400-дей сексеуіл отырғызатын болады. Мектеп ауласынан 4 жерден жерасты скважинасын қазып, егілген талдарды тамшылатып сурау әдісімен өсірмек. Қосымша су тұщыту қондырғысын орнатылады. Тағы бір айта кетерлігі, ауылдық округ әкімшілігі ғимараты жанына бір скважина қазған. Сонымен бірге ауыл сыртындағы жайылымдық жерден жерасты суын бұрғылап шығару қолға алынуда.
Ауылдағы мектеп ғимаратының төбесіне «Достар Строй Групп» ЖШС мердігер мекемесі күн панелдерін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл арқылы алдағы уақытта істеліп жатқан жұмыстарға қосымша қуат көзін тартумен қатар мектептің қосалқы энергия көзін жеткілікті мөлшерде қамту көзделуде.
Тапсырыс беруші «FREEDOM ШАПАҒАТ» корпоративтік қоры алдағы уақытта мектепті қолжетімді ғаламтор желісімен қамтып, білім ордасының медициналық кеңсесіне диагностикалық аппарат орнататын болады.
Аудан әкімі елде жасалып жатқан осы жұмыстарға қанығып, ауылдың өзекті деген мәселесін реттеуде алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жүргізілетінін жеткізді.






Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі