Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАНКТЕР ЕНДІ ХАЛЫҚҚА ҚАРЫЗ

БАНКТЕР ЕНДІ ХАЛЫҚҚА ҚАРЫЗ

ҚАЗАҚСТАНДА БАНККЕ ҚАРЫЗ ЕМЕС ЖАН КЕМДЕ-КЕМ. ЕКІНІҢ БІРІ, ЕГІЗДІҢ СЫҢАРЫ БҰЛ ҚЫЗМЕТТІ ТҰТЫНАТЫНЫ ШҮБӘ ТУДЫРМАЙДЫ. ТОЙ ЖАСАУ, ҮЙ ЖӨНДЕУ, ҮЙ ЖИҺАЗДАРЫН, ТЕЛЕФОН АЛУ – БӘРІ-БӘРІ ҮШІН БАНКТЕН ҚАРЫЗ АЛУ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙҒА АЙНАЛҒАЛЫ ҚАШАН. ШЫНЫ КЕРЕК, «КҮЛІП КІРІП, ЖЫЛАП ШЫҒАТЫНЫН» БІЛЕ ТҰРА, ҚАРЫЗДАН БАС ТАРТА АЛМАУ КӨБІМІЗДІҢ ОСАЛ ТҰСЫМЫЗ.
Әрине, жағдайы жақсы адам қарыз құрығына ілінбесі белгілі. Айлығы шайлығына жетпейтіндердің көбі қажет қаржының тапшылығынан несие алуға мәжбүр. Алған ақшаңды аз ғана өсімімен қайтара салсаң, әңгіме басқа. Өкінішке қарай, банктер бұл төлемді барынша көбейтудің түрлі амалын жасайды. Ақшаға мұқтаж жандардың қандай талапқа болса да көнуге мәжбүрлігі және қаржылық сауатсыздығы олар үшін оңай олжаның көзіне айналғандай. Бұл ретте оларға заңның низамдары да кедергі бола алмайтынға ұқсайды. Мәселен, несиеге қызмет көрсетілген деген сылтаумен борышкерлерден ай сайын өндіріліп келген комиссия сондай әрекеттердің бірі болып шықты. Мұны уақытында Ұлттық банктің өзі мәлімдеген. Өйткені, несиелік шот банктік шот болмайтындықтан одан комиссия алынбайды. Ал, қаншама жан осы талап бойынша артық ақша салуға мәжбүр болды. Мәселен, 3-4 миллион теңге несие алғандар ай сайын тек осы комиссия үшін 12-13 мың теңге төлеп келген. Бұл айына алпыс-жетпіс мың жалақымен отбасын асырап отырғандар үшін үлкен шығын. Сондықтан, осы мәселе еліміздің бас қаржы институты тарапынан көтеріліп, заңсыз төленген коммиссиялардың қайтарылу қажеттігі туралы шешімі борышкерлерді қатты қуантқан. Алайда, бұл шара оңайлықпен жүзеге аспаған еді. Уысқа түскен қаржыдан айырылуды қаламады ма, әлде әрекеттерінің заңсыздығын бүркемелегісі келді ме, банктер мәселенің шешімін сотқа тіреп қойды. Яғни, банк өз қызметі үшін алынған комиссияны соттың заңсыз деп табуы қажеттігін алға тартты. Борышкерлер бұл қосымша әурешілік болса да, оған көнді. Осылайша, соттар үшін азаматтық істердің жаңа категориясы пайда болған еді. Олар заңсыз алынған комиссия бойынша түскен шағымдарды қарап, денін борышкерлердің пайдасына шешіп келді. Алайда, бұл шара биылғы 19 наурызда тоқтатылыпты. Мұны банктерге заңсыз төлеген ақшаларын алып үлгермегендер ашық күнде түскен найзағайдай қабылдады. Осы сәттен бастап олар үшін сергелдең басталды. Банктегілер «сотқа барыңдар» десе, қазылар банкке сілтейді. Ал, осы борышкерлердің құқын қорғап жүрген заң өкілдері барлық кінәні Жоғарғы Сотқа артып отыр. Осы сейсенбіде солардың бір тобы Елордада арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жасады. Өзін осы бас шаһардағы «Медиация және құқық орталығы» ЖШС директорымын деп таныстырған заңгер Ілияс Омаровтың айтуынша, банктерден заңсыз комиссия өндіру шарасының басталғанына жеті жыл болған. Жалпы, Азаматтық процестік кодексте айқындалған талап бойынша, қаржы ұйымдары келісімшарт мерзімі аяқталғанмен, өздерінің заңсыз әрекеттері үшін жауап беруі керек. Борышкерлер осы кезден бастап үш жылға дейін сотқа жүгініп, өздерінің банкке төлеген артық ақшасын даулай алады.
Бірақ, солай бола тұра судьялар қауымдастығының бүгінгі таңдағы ұстанымы түсініксіз болып отыр. Олар Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасының ауызша берілген тапсырмасы бойынша азаматтардың аталмыш мәселеге орай арыздарын қабылдауды тоқтатқан. Ал, бұған дейін тіркелген істерді қарауды төрт айға дейін кейінге қалдырып жатыр. Бұл ешқандай да заң нормасына сәйкес емес. Бұл мәселені банктер өздері шешіп, сот тіпті болмағанда медиация арқылы реттеуі керек еді. Жиында сөз алған тағы бір заңгердің пікірінше, борышкерлер талабын бітімгерлікпен қанағаттандыру өте тиімді болмақ. Өйткені, «Медиация туралы» заңда бұл шараның құқықтық тетіктері толықтай жасалған. Осындай мәселе көтерген олар Мемлекет басшысына, Үкіметке және құзырлы ұйымдарға борышкерлер атынан петиция жолдамақшы.
Онда әділ заң болуы, банкке ақысы кеткен азаматтар құқының заңға сәйкес қорғалуы талап етілмек. Кейбір банктер бұл мәселе бойынша өзара мәмілеге келуге дайын да секілді. Баспасөз конференциясына қатысқан «Альфа банк» өкілінің айтуынша, бұл ұйым бірден сотқа дейін мәмілеге келу шарасына дайындығын білдіріп, келісім жасасқан. 2018 жылдан бастап борышкерлердің артық жасаған төлемін өтеуге кіріскен банк бүгінде 800-ге жуық сот шешімін орындапты. Соңғы жағдайларға байланысты соттар талапкерлер өтінішін қарауды тоқтатқаннан бері бұл үрдіс аяқсыз қалған. Негізінде соттардың мұндай санаттардағы істерді қарау тәжірибесі Ұлттық банктің арнайы хатынан кейін 2012 жылы басталған. Осыны айтқан банк өкілі алда әлі де болса қалыптасқан тәжірибе өз жалғасын тапса деген
тілегін білдірді. Жиында сөз алған тағы бір заңгер соттардың бұл шарадан бас тартуын олардың жүктемесінің тым көптігімен, бірқатар дауласуға жатпайтын істер бойынша шешім шығару құзырлы ұйымдардың өз билігіне берілгендігімен байланыстырып, фемида өкілдерін ақтауға тырысты. Ол бұл ретте қазіргі таңда судьялар санының аздығын, мұндай істерді қарау үшін штаттық бірлікті көбейту, қосымша сот ғимараттары салынуы қажеттігін ортаға салды. Сөзінің соңын «Бұл олардың мүмкіндігінен тыс шаруа. Сондықтан, банктер бұл проблеманы өздері шешуі керек» деп түйді.
Жиында айтылған әңгімеден түйгеніміз, бұл банктердің өз ықтиярымен шешілетін, одан ешқандай заң талабы бұзылмайтын мәселе. Мұны банктегілер де жақсы біледі. Бірақ, солай етуге құлқы жоқ. Оның сыры жоғарыда айтқанымыздай, қолдағы ақшадан айырылмаудың ғана қамы секілді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»
zanmedia.kz
12 сәуір 2019 ж. 1 285 0