Талдықорғанда дүниеге келген үшемге үш бөлмелі пәтер берілді

Қуанышқа ортақтасып келгендерге ризашылығын білдірген сәбилердің әжесі Рая Есмұратқызы дәрігерлердің атына да жылы лебізін жеткізді. «Үшемге жүкті екені белгілі болғаннан бастап Еңлік перинаталдық орталықтың директоры Қанат Жұмашев бастаған білікті дәрігерлердің ерекше бақылауына алынып, күтім жасалды. Алматыға да, басқа үлкен қалаларға да мойын бұрмай, өз мамандарымызға сенім арттық. Шағын қала Талдықорғанның медицинасында да мықты кадрлар топтасқанына көзіміз жетіп, Алла шүкір, бүгін осындай қуанышты күнге куә болып отырмыз. Әлеуметтік саланың дамуына жағдай жасаған ел басшыларына, облыс жетекшілеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Біздің жолымызды кейінгі жастарға беріп, өсіп-өне берсін», - деді Рая әже. Осы сәтте облыс әкімі Амандық Баталов Дәуренмен, Еңлікпен телефон арқылы сөйлесіп, ізгі тілегін жеткізіп, жақсылық тіледі. Алима, Алиша, Альмира - Дәурен Серікұлы мен Еңлік Қайсарованың отбасының тұңғыштары. Дәурен шағын кәсіппен айналысса, Еңлік - қаладағы № 12 мектепте мұғалім. Олар болашақта қыздары дәрігер болса деп армандайды. Және осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта тағы да балалы болуды қалайтындарын айтты. Перинаталдық орталық мамандарының айтуынша, сәбилердің де, анасының денсаулығының жақсы. «Нәрестелер 2.300, 2.100 және 1.750 кг салмақпен дүниеге келген. қазір жағдайлары жақсы, дамуы қалыпты», - дейді дәрігерлер. Үшемге берілген үш бөлмелі тұрғын үй Талдықорғандағы жаңадан салынған коттеджді қалашықтан кілті тапсырылған ең алғашқы үй екенін атап өтуге болады.
www.inform.kz